Теннис орталығынан 1 млн. теңгеден асатын техниканы ұрлаған рецидивист ұры ұсталды

38
фото tripadvisor.com

Ұрланған ноутбуктер мен смартфондар елордадан теннис турнирін өткізуге келген комиссия мүшелеріне тиесілі болып шықты. Кеңседен заттарының жоғалғанын байқаған жәбірленушілер оқиға туралы полицияға хабарлаған.

 Хабарламаны алған Тұран аудандық ПБ қызметкерлері бірден ұрлыққа қатысы бар адамды іздеуге кірісті.
 Бейнекамералардағы жазбаларды зерделеу кезінде, қаскүнем теннис ойнауға келгендей кейіп танытып, спорт орталығына емін-еркін кіргені және ашық тұрған қызметтік бөлмеден қымбат техниканы қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалағаны белгілі болды.
 Тәртіп сақшылары күдіктінің  жеке басын анықтады. Ол бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған 27 жастағы қала тұрғыны. Тергеу барысында, жастығында жасаған қателіктерінен сабақ алмаған азаматтың тағы 7 ұрлық фактісіне қатысы бары анықталды.
Жедел іздестіру іс-шарасы нәтижесінде Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері әккі ұрының ізіне түсіп, оны тағы бір ұрланған смартфонды кездейсоқ сатып алушыларға өткізу үстінде ұстады.
 Күдікті бір ай ішінде өзгенің төрт ұялы телефонын, ноутбук пен екі ойын приставкаларын иемденген.
Жалпы сомасы 2 миллион теңгеден астам шығын емдеу орталығының, интернет-клуб және стоматологияның жұмысшылары мен шаштаразға келтірілген. Барлық жағдайда ол ғимараттарға қызмет алушы кейпінде кірген.
 Қазіргі уақытта 188-баптың 3-бөлігінің 2-тармағы «бірнеше рет жасалған ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.  Ұсталған ер адам қамауда.