Ордабасы ауданындағы суару каналынан мәйіті табылған 9 сынып оқушысы Аружанның өліміне қатысты сот процесі басталды.
Күдікті ретінде Төрткүл ауылының 2 баласы қамауға алынған болатын. Олардың үстінен 3 бап бойынша іс қозғалды. Қаза тапқын қыздың анасы сезіктілердің ауқатты отбасыдан шыққанын айтады. Сондықтан таныстары арқылы сот шешіміне әсер ете ме деп алаңдайды.
«Біріншісі экс-әкімнің баласы, екіншісі байдың баласы. Ауылдан естіп жатырмыз 5 адвокат жалдаған. Прокуратура мен сотқа ақша беріп қойған ба деп ойлаймын. Менің талабым сот әділ өтсе екен. Сотта балалар еркін отырды. Тіпті кешірім де сұраған жоқ. Олар тергеуде емес, курортта жатқан стияқты түріне қарасаң» — дейді Аружанның анасы Динара Зілғараева.
Қазір 2004, 2005 жылғы балаларға қатысты алдын-ала тыңдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
“Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 132-бабының 4-бөлігімен, 194-бабының2-бөлігі 2-тармағымен, 99-бабының 2-бөлігінің 7,9,14 – тармақтары бойынша айып тағылып, іс-материалдары сотқа 2023 жылғы 1 қыркүйек күні түсті. Қазір іс Түркістан облысының қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы өндірісінде” — дейді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.