«KazFerroGroup» зауытының негізі қаланғанына 7  жыл толды

23

Шымкенттегі  ферроқорытпа өндірісімен айналысатын «KazFerroGroup» зауытының негізі қаланғанына 7  жыл толды. Аталған өндіріс орталық ұжымы 25 қазан  республика күнімен тұспа тұс келген зауыт  мерейтойын ерекше атап өтті. Шарада сала мамандары мен басшыларынан құралған шығармашылық топ арнайы сахналық көрініс қойып,  мерекенің сәнін келтірді.

«KazFerroGroup» ЖШС-і осыдан 7 жыл бұрын өз жұмысын бастаған болатын. Әуелде 70 шақты маманмен іс бастаған зауытта бүгінде 130 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда сұранысқа ие, сапалы –ферроқорытпа өндіріледі. Ал бүгінгі мерекелік іс шара аясында зауыт қызметкерлері арнайы қойылым қойып, қазақтың ұлттық салт дәстүрлерін дәріптеді. Сонымен қатар, үздік қызметкерлерге арнайы алғыс хат тапсырып, бағалы сыйлықтар ұсынды.

Хондамир Юлдашев, «KazFerroGroup»  ЖШС-нің  директоры: «Бүгін біздің компанияға 7 жыл толды. 2016 жылы өз қызметімізді бастаған кезде бізде  бір ғана  цех болатын. Ол уақытта қаладағы жалғыз  ферроқорытпа өндірісімен айналысатын зауыт біз ғана едік. Мамандар аз еді. Кейіннен шетелден мамандарды шақырып, зауыттың жұмысын жүргізе бастадық. Қазір екі цехымыз бар. Осылайша қуаттылығымыз 3 есеге артты. Келер жылға жоспарлар көп. Цехтың жұмысын жандандырып, өнім қуаттылығын арттыру бағытында жұмыс істейміз».

Болаттан жасалатын кез келген тауардың құрамындағы өнім аталған ферроқорытпа зауытында өндіріледі. Қарапайым ас үйде қолданылатын шанышқы мен қасықтан бастап, әскери қызметке қажетті құралдарды  жасауға дейін  бұл  өндірістің  өнімін пайдаланады, дейді мамандар. Серіктестіктің тұрақты тұтынушылары тек  Қазақстанда ғана емес,  Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресейдегі метталургиялық компаниялар.

Эдуард Кондаков, «KazFerroGroup»  ЖШС-нің  техникалық директоры: «Бұл, биыл 4 қаңтарда ашылған жаңа  цех. Түрлі ферроқорытпа өндірісімен айналысады. Егер сіз темір алғыңыз келсе, оған ферроқорытпаларды қосу керек. Себебі, бұл қоспа кез келген өнімнің  сапасын арттырады.  Біздің пеш 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істейді. Біз тек жөндеу жұмыстары кезінде ғана жұмысты тоқтатамыз. Әр 2 сағат сайын металл шығарамыз».

Зауыт шикізат өнімдерін Солтүстік Қазақстандағы кен орындарынан алады.  Сонымен қатар серіктестік бүгінде Балқашта орналасқан  өзінің  марганец кен орнын игеруде.