Шымкентте кәсіби сарапшы-аудитор Мадина Мұхтарованың көптен күткен жеке көрмесі өтті. «Күзгі акцент» деп аталатын шараға 42 картина қойылған. Онда әрбір келуші кескіндер арқылы тереңдік пен нәзіктікті көре алды.
Талантты суретші Мадина Мұхтарова «Күзгі акцент» атауымен жаңа көрмесін тұрғындар назарына ұсынды. Келушілердің айтуынша, мұндағы картиналар суретшінің өзі сияқты бояуы қанық және таңғаларлық.
Төрегелді Қалмұратов, «Күзгі акцент» көрмесіне келуші: «Негізі Мадина экономист. Соңғы 3-4 жылдың ішінде сурет салып, ерекше құбылысқа ие болып отыр. Мұны тылсым дүние десек болады. Мадина Басырқызының қаламмен жұмысына сәттілік, жақсылық тілейміз».
Наталья Романова, «Күзгі акцент» көрмесіне келуші: «Ол кәсіби суретші емес, бірақ мені оның туындылары, түстері, шығармаларының атауы қызықтырады: кеңістік, жаңа үрдіс, тынымсыз жұмыс, махаббат, сұлулық. Қаламызда осындай шаралар көп бола берсін»
Мадина Мұхтарова көп жылдар бойы кәсіби сарапшы-аудитор болып жұмыс істеп келеді. Ол қарбалас жұмыс кестесіне қарамастан шығармашылыққа уақыт тауып, керемет туындыларды салып шыққан. Оның айтуынша сурет салуды арнайы жоспарлаған емес, дәл сол сәтте ойына түскен дүниені қағаз бетіне өрнектейді екен. Ерекше суретшінің көрмеге үздік 42 туындысы қойылды.
Мадина Мұхтарова, суретші: «Бүгінгі көрмем – менің шығармашылығымның, бес жылда жеткен жетістігімнің қорытындысы. Мен кәсіпқой емеспін, академиялық білімім жоқ. Мұны жаным қалағандықтан істеймін. 5 жыл ішінде бұл менің 4-ші көрмем. Жеке өзімнің екінші көрмем. Бұған дейін басқа суретшілермен бірлесіп көрме қойғанбыз. Одан кейін Президентті ұлықтау рәсіміне дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің көрмесіне қатыстым. Түрлі түсті жаңбыр атауымен Ташкентте көрме өткіздік»
Суретшінің сөзінше, көрмені күзде өткізудің өзіндік сыры бар. Себебі ол қазан айын ерекше жақсы көреді екен.
Мадина Мұхтарова, суретші: «Мен күзді қатты жақсы көремін. Өйткені өзім 10 қазанда дүниеге келдім. Ал әкем 4 қазанда туған. Үш немерем де осы айда дүние есігін ашты. Демек бәріміз үшін қазан жылды қорытындылап, жаңа жылымыз басталатын кез»
Мадина Мұхтарова шабыт алып, шымкенттіктерді өз шығармашылығымен қуанта беруді жоспарлап отыр. Ол енді Ресейде де жеке көрмесін өткізуді армандайды.
Көрме өтетін жер: Шымкент қаласы Қазыбек би көшесі 13А (А.С. Пушкин атындағы кітапхана ғимаратында)