Түркістанда баскетболдан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтуде

29

Түркістан қаласында баскетболдан жасөспірімдер арасында турнир өтуде. Жарыс Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай және ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алик Валиевті еске алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. 

Түркістанда 2008-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасында баскетболдан турнир өтіп жатыр. ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алик Валиевті еске алуға арналан халықаралық додада жалпы саны 16 команда бағын сынауда. 3-ші жыл қатарынан өткізіліп отырған жарысқа Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен 5 команда жасақталып келген.

Әсел Темірқұлова, ойыншы: «Біз Түркістанға осы жарысқа қатысуға келдік. Бұған дейін бұл қалаға бірнеше турнирге келгенбіз. Бізге Түркістан ұнайды. Ал жарысқа келсек, өте тартысты өтіп жатыр. Басты қарсыласымыз — Түркістан облысының командасы. Жеңістен үміттіміз, әрине».

Баскетбол турнирінде әзірге үздіктер қатарында Өзбекстан елінің және Түркістан облысының құрамалары тұр. Қырғыз командасы да озық ойынымен көзге түсуде. Түркістан облысының жаттықтырушысы Жанат Арапова бұл турнир үшінші рет өткізіліп отырғанымен алғаш рет еске алу мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.

Жанат Арапова, жаттықтырушы: «Түркістанда үлкен жарыс өтіп жатыр. Жалпы 16 команда қатысып жатыр. Соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен де командалар келіп отыр. Басты мақсат – балаларды спортқа баулу. Сосын бұл жарыс белгілі, құрметті тренеріміз Алик Валиевті еске алуға арналған. Қараша айында ҚР Чемпионаты өтеді, соған да іріктеп жатырмыз».

Ойынды өткізудегі тағы бір мақсат – қараша айындағы ел чемпионатына баратын облыс құрамасын айқындап, іріктеу. Айта кетейік, бірнеше күнге созылатын халықаралық бәсекенің жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы тағайындалған кубоктар мен медальдар және алғыс хаттармен марапатталады.