Түркістан облысы, Жетісай ауданында әуесқойлар арасында балық аулаудан жарыс өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен өткен шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабеков қатысып, балықшыларға сәттілік тіледі.
Аталған шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттай отырып туризмді дамыту, қоршаған ортаны қорғау, жастар арасында балық аулау спортына деген қызығушылықты арттыру, көршілес аудан, қалалардағы балықшылар арасында өзара тәжірибе алмасу, достық қарым-қатынасын нығайту, Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру.
Балық аулау спортында өзара мықты қатысушыларды анықтау мақсатында Түркістан облысы, Шардара су қоймасының демалыс аймағында сайысқа Жетісай мен Мақтаарал аудандарынан келген 25 командада 100-ге жуық балықшы қатысты.
2018 жылы бастау алып, 5 жылдан бері жалғасын тауып келе жатқан екі күндік сайыстың қорытындысы бойынша І орынды «Бекзат carp» командасы қанжығасына байласа, ІІ орынды «Санұр» командасы иеленді. Ал, ІІІ орын «Дархан fishing» командасына бұйырып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Мұнан да бөлек, сайысқа белсенді қатысып, ерекше көзге түскен жекелеген балықшылар арасында «Ең үлкен балық ұстаушы», «Алғашқы балық ұстаушы», «Ең жас балық ұстаушы» номинациялары бойынша да қатысушылар анықталып, ұйымдастырушылардың арнайы дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.