Түркістан облысының тұрғындары өңір басшысы Дархан Сатыбалдыға сауалдарын қойып, өтініштерін ашық айта алады. Облыс әкімінің аудан, қалалардағы жұмыс сапары аясында «Ашық есік күні» өтуде. Кезекті бірыңғай қабылдау Төлеби ауданында жалғасын тапты. Жиынға құқық қорғау органдары мен облыстық басқарма басшылары қатысып, айтылған мәселелерді шешуге атсалысты.
Бірінші мамыр ауылының тұрғыны Имантай Шакуов облыс әкімінің қабылдауына шешімін таппай жүрген мәселелерін айтуға келіпті. Тұрғын ауылдағы спорт кешенін халық игілігіне тездетіп беруді сұрайды. Сондай-ақ, біраз уақыттан бері өзекті болып келген апатты жағдайдағы каналдың мәселесі де өз шешімін тапса деп отыр. Сонымен қатар кәсіп бастап, балық шаруашылығымен айналысуды жоспарлаған азамат жергілікті биліктен қолдау сұрайды.
Имантай Шакуов, Төлеби ауданының тұрғыны:
«Балық шаруашылығымен айналысайын деп едім, оған қазіргі таңда қолдау табылмай жатыр. Қазір облыс әкімімен сөйлестім, ол кісі берді тапсырма. Жер беретін болды, бизнес жоспарымды көрді. Екінші, үшінші сұрақтарым халықтың атынан келдім. Тесіктас деген канал бар. Жыл сайын апаттық жағдай болады да, ел су ішетін уақытта су келмей қалады. Айттық, енді биыл ерте көктемнен бастап, елге су келетіндей жағдай жасаймын деді.»
Облыс басшысы тұрғынның көтерген мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді. Тек аздаған уақыт қажет екенін алға тартты.
Ал Мұхитдин Әлімқұлов өңірде балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселесін көтерді. Сөзінше, аймақта мемлекеттік лагерьлер жоқтың қасы, ал жекеменшік демалыс орындарының сапасы нашар, бағасы қалтаға қонымсыз көрінеді.
«Мектеп оқушыларының демалысын ұйымдастыруға ықпал етуді сұранып келіп едім. Бұрынғы кездегі лагерьлердің барлығы жекеменшік болып кеткен, олардың оқушыларға жасайтын жағдайы онша болмай тұр қазір. Сол үшін білім саласына қарасты мемлекеттік лагерьлер болса деген менде тілек бар», — дейді Төлеби ауданының тұрғыны Мұхитдин Әлімқұлов.
Облыстық білім басқармасының басшысы бұл мәселемен таныс екенін айтады. Проблеманы шешу мақсатында арнайы мониторинг жұмысы да жүргізілген. Ғалымжан Жұмашев мәселенің келер жылы шешімін табатынын, бұрынғы мемлекеттік лагерь ғимараты күрделі жөндеуден өтетінін жеткізді.
Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев:
«Ауданымызда екі балалар демалатын жазғы демалыс орны болған. Осы уақытқа дейін оларға бірде-бір күрделі жөндеу жұмыстары жүрмеген. Ол лагерьлер қазір жұмыс жасамайды. Қазіргі таңда ауданда 10-нан астам жекеменшік лагерь бар. Мониторинг жұмысының нәтижесінде қараусыз қалған 2 лагерьдің біреуіне жөндеу жұмысын жүргізу қаралып, 2024 жылы осы мәселені шешу бойынша қаржы бөлуді қарастырып жатырмыз.»
Төлеби ауданындағы жеке қабылдауда бұдан бөлек денсаулық сақтау, инфрақұрылым, жер, тұрғын үй мәселелері көтерілді. Өңір басшысы тұрғындарды тыңдап, әрбір мәселе шешімін тапқанша өз бақылауында болатынын айтты.
Айта кетейік, Дархан Сатыбалдының ашық форматтағы жеке қабылдауы барлық аудан-қалада жалғасады.