Шымкентте «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес ұйымдары өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бағытында форум өткізді. Онда 40-тан аса мекеме өкілдері келіп, жұмысшыларды қауіп-қатерден аман сақтау алғышарттарын талқылады. Мұндағы мақсат — қауіпсіз жұмыс аймағын қалыптастыру.
Шымкентте «ҚазМұнайГаз» компаниясы еншілес мекемелермен бірлескен форум өткізді. 40-тан аса ұйым қатысқан шара мақсаты — оқиғаларды тергеп-тексерудің және мердігерлік ұйымдардың өрт қауіпсіздігі, еңбекті жене қоршаған ортаны қорғауды басқарудың тиімділігін арттыру. Сала мамандары осындай шаралар арқылы жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салып жатқанын жеткізді.
Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры:
«Самұрық-Қазына» АҚ еңбек қауіпсіздігіне баса назар аударады. Ең басты құндылығымыз — біздің жұмысшыларымыздың денсаулығы мен өмірі. Сондықтан «ҚазМұнайГаздың» ұйымдастырған алаңында «КазМұнайГаздың» еншілес компаниялармен бірге осы өндірістік қауіпсіздік бойынша жұмыс барысында жарақаттың алдын алу шаралары талқыланады.»
Айта кетейік, мұнда өндіріс саласындағы қауіпсіздік күшейіп, соңғы 6 жыл ішінде жұмыс барысында қаза тапқандар саны 70 пайызға азайған. Алайда «ҚазМұнайГаз» басшылығы қызметкерлерді қауіп-қатерден қорғаудың жолын жаңартуға мүдделі. Сондықтан еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры жұмысшылар амандығын басты назарда ұстайтынын айтады.
Қайрат Сейітмағамбетов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры:
«Біздің басты мақсатымыз — өндірістегі жұмыскерлеріміздің қауіпсіздігі. Сондықтан бәріміз жиналып, сұрақтарды талқылап, біздің қаншалықты деңгейде екенімізді бірге талқылап, шешімін тауып, әрі қарай өзіміз жұмысты жалғастырамыз. Біздің жұмыскерлеріміз жұмыста болғанда өзін қауіпсіз сезіну керек. Таңертең жұмысқа қалай келсе, үйіне дәл солай аман-есен жету қажет. Бұл — біздің ұстанымымыз. Соған байланысты жұмысымызды жалғастырып жатырмыз.»
Форум «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы негізінде өтіп жатыр. Мұнда өндірістік қауіпсіздік, еңбек және қоршаған ортаны қорғау тақырыбында баяндама оқылып, ерекше әдістер талқыланды. Сонымен қатар жиын қатысушылары арасында жұмысшыларды қауіптен қорғау шаралары пысықталып, ситуациялық кейстер, практикалық жаттығу өткізілді.