Шымкентте 1 жасар 11 айлық баланы туысы терезеден лақтырып жіберген. Қазіргі таңда бүлдіршіннің жағдайы ауыр.
Қалалық ТЖД мәліметінше, оқиға 23 қарашада кешкі уақытта Ғ.Иляев көшесі бойындағы 4 қабатты көппәтерлі тұрғын үйде болған. Бұл туралы төтеншеліктерге «103» жедел жәрдем қызметіндегілер хабарлаған. Бала 4-қабаттың терезесінен құлаған.
2021 жылы дүниеге келген бүлдіршін дереу ауруханаға жатқызылған. Қазіргі таңда жағдайы ауыр. Оқиғаның мән-жайын Полиция департаментінің қызметкерлері анықтауда.
Қалалық Полиция департаментіндегілердің хабарлауынша, жергілікті тұрғын психоневрологиялық диспансерде есепте тұратын інісі ұлын 4-қабаттағы пәтердің терезесінен лақтырып жібергенін айтқан. Оқиға орнына шұғыл полиция қызметкерлері мен прокурорлар жеткен.
Аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3 бөлігі – 99 бабы (Адам өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. 40 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.