Шымкентте 226 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр

Шымкентте 226 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік тұрғын үйге 51 мың адам кезекте болса, 175 мың адам кредиттік тұрғын үй алуға ниетті.

Бүгінде үшінші мегаполисте 4 мыңнан астам пәтерлі 100 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1000-нан астам пәтер беріледі деп жоспарланған.

Жалпы 201 азаматқа қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттары берілсе, Жергілікті «QAMQOR» бағдарламасымен 150 азаматқа несиелер берілген.

Бұл жөнінде бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен брифинг барысында баяндалды.

“Жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 мыңнан астам пәтер береміз. 201 азаматқа қайтарымсыз негізде 1 миллион теңгенің тұрғын үй сертификаты табысталды. Әлеуметтік тұрғын үй алушылар санатына енбейтін  азаматтар да назардан тыс қалмайды. Жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасы аясында 150 отбасыға жеңілдетілген несиелер берілді”, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.