Түркістан облысындағы жол апатынан бір адам көз жұмды

50

Түркістан облысында жол-көлік оқиғасы орын алып, 1 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға 20 желтоқсан күні сағат 13:00 шамасында Төлеби ауданы аумағындағы «Алматы-Ташкент-Термез» автожолында болған.

Шымкент қаласынан Сарығаш ауданына шыққан «Toyota Camry» автокөлігі бір бағытта келе жатқан «Mersedes-Sprinter»-мен соқтығысқан. Салдарынан спринтердің 70 жастағы жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Ал екі жүргізуші мен Мерседестің 4 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түсті.

Ерлан Асқаров, Түркістан облысы ПД ЖПҚ бастығының орынбасары: «Оқиға орнына жедел-тергеу тобы, Төлеби АПБ мен аудандық прокуратура басшылығы шықты. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Бұл факт ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тіркелді».

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаға байланысты тиісті сараптамалар тағайындалды.