Сенат депутаттары қаладағы айналма жолдың құрылысын бақылап, одан кейін Ынтымақ шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Жиналғандар депутаттарға газ, су, жол мәселелері бойынша сауал жолдады. Халық қалаулылары шағынауданда биыл газ мәселесі толықтай шешімін табатынын жеткізді.
Ынтымақ шағынауданының тұрғыны Ұлжалғас Сүгірова Сенат депутаттарымен кездесуде өңір халқын мазалап жүрген сауалдарды жолдады. 2016 жылдан бері осында тұратын ол көгілдір отын мәселесін тезірек шешіп беруді сұрайды. Тұрғындардың сөзінше Ынтымақта жол мен ауыз су мәселесі де толық шешілмеген.
Ұлжалғас Сүгірова, Ынтымақ шағынауданының тұрғыны: «Бізде газ келіп жатыр, бұл жерге ақша аударылған, бірақ толық бітпеді. Көбісі жас отбасылар бұл жерде. Жекеменшік газ кіргізеді, кіргізе алмай отырғандар көп. Газ баллонмен қанша өрт болды. Үйлерін газ баллонға қосып, каминмен жылытып отырғандар қаншама. Сіздерден өтініш газды осы жылы бітіп, жолдарына асфальт төсеп беріңіздерші«.
Ал Ақмарал Өмірзақова халық қалаулыларымен кездесуге Қайнарбұлақ саяжайынан келіпті. Ол саяжайдағы бір үйде ондаған ит ұстайтындардың мәселесін шешуді сұрады. Сөзінше, иттер күндіз-түні шулағанымен қоймай, ары-бері өткен жандарды қауып, қаншама адамды жарақаттаған көрінеді.
Ақмарал Өмірзақова, Қайнарбұлақ саяжайының тұрғыны: «Саяжайда иттер ұстайтын «приют для собак» деген бар, 90 пайыз халық сондай иттер үйінде ұстап, ақша табады. Әкім де біледі, қала әкімі де біледі, арыз жазбаған жерім қалған жоқ. Мен осы мәселені еш шеше алмай жатырмын. Сіздер өз тарапыңыздан сол мәселені назарға алсаңыздар. Негізі адам тұратын жерде ондай приют деген болмау керек деп ойлаймын».
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Ынтымақ шағынауданының инфрақұрылым мәселелерін шешу үшін республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтады. Дегенмен, қаржының қай салаға жұмсаларын жергілікті билік өкілдері шешеді.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Бұл өзі басында кішкентай шағынаудан болып құрылып, Ынтымақ-1,2 деп көбейіп жатыр, халық көбейіп жатыр. Бірден өсіп кеткен шағынаудан болғаннан кейін, басында инфрақұрылымдық мәселелер туындады. Газдандыру, су, жол, жарық мәселесі. Қазіргі таңда жол мәселесі толықтай шешімін табатын болады. Газдандыру мәселесі осы жылдың аяғына дейін шешіледі».
Депутаттар тұрғындар тарапынан қойылған мәселелердің назарға алынатынын, әрқайсысы зерделеніп, жан-жақты талданатынын жеткізді. Сондай-ақ, олар бүгін әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, бірқатар кездесу өткізеді.