Úı ANONS Кезекте тұрған 26 отбасы баспаналы болды

Кезекте тұрған 26 отбасы баспаналы болды

Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Бүгін тағы 26 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Оларға Асар-2, Бозарық және Тұран шағынаудандарынан жалдамалы баспаналардың кілті табысталды.

Махаббат Сапарқызы бұл күнді ұзақ күткен. Он жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрған ана ақыры өз шаңырағына қол жеткізді. Бүгін ол Асар-2 шағынауданындағы жаңа пәтерінің кілтін қала әкімінің қолынан алып, зор қуанышына кенелді.

МАХАББАТ САПАРҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Кезекке 2015 жыл тұрдым. 10 жыл күттім. Енді міне қуаныштымын, кезектен үй алып отырмын. Үкіметке рақмет. Қуанышымыз шексіз»

Көптен күткен бұл баспаналар әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға табысталып отыр. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, толық емес отбасылар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар мен жетім балалар бар.

ЕРКІН АҚЫНШАЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШҚФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Ол жерде қай жылы біріншісі, екіншіден отбасы санына да қаралады. Жалпы айтқанда қазір 2014, 2015, 2016 ж кезекке тұрғандарға үлестіріліп жатыр. Осы Шымкент қаласы бойынша»

Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте баспана кезегінде тұрғандардың саны 92 мыңға жуықтайды. Жауаптылар жыл соңына дейін 1500-ден астам отбасы жаңа пәтерге қол жеткізетінін мәлімдеді.

Лаура Бабас