Жаңа жыл қарсаңында ер адам өрт салдарынан қаза тапты

139

Шымкентте мереке күндері пиротехникадан зардап шегу дерегі тіркелген жоқ. Бұл туралы қалалық төтенше жағдай департаментінің өкілі мәлімдеді. Айта кетейік, департамент тарапынан қалада 25 желтоқсаннан бастап « Қауіпсіз жаңа жыл» акциясы басталған. Мұндағы мақсат – қала халқына өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша үгіт – насихат жұмыстарын жүргізу.

31 желтоқсан күні қала аумағындағы Тұран ауданында өрт салдарынан бір адам мерт болған. Алдын ала болжам бойынша оқиға отты абайсыз пайдалану салдарынан қайғылы жағдайға ұласқан болуы мүмкін.

Асқар Шәріп, Шымкент қаласы төтенше жағдай департаментінің ресми өкілі: «2023 жылы 31 желтоқсан сағат 20:34 шамаларында Шымкент қаласы Тұран ауданы 112 орам Жаңғақты көшесінде жеке тұрғын үйдің 1шаршы метрі өрт алып жатқаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткенде 1973 жылғы азаматтың мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша өрттің орын алу себебі отты абайсыз пайдалану. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы ТЖД өрт сынақ зертханасы тағайындалып, сот медициналық сараптама жүргізуде».

Төтенше жағдай қызметкерлері өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, оны пайдалануда салғырттық пен қателікке бой алдыру салдары қайғылы оқиғаға әкелетінін ескертеді.

Айта кетейік, Жаңа жыл мерекесі кезінде қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, мереке күндері адам көп шоғырланатын объектілердің иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Бұл жаңа жылды тойлау кезінде азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған дейді. Ал мерекенің алғашқы күнінде қалада 240 маман мен 51 техника қызмет көрсеткен.

Асқар Шәріп,  Шымкент қаласы төтенше жағдай департаментінің ресми өкілі: «Шымкент қаласы төтенше жағдай департаменті 30 желтоқсан мен 2 ші қаңтарда қызметтік күшейтілген нұсқауына өткен болатын. Яғни 31 нен 1 не қараған түні бізде 240-тан аса жеке құрам, 51 бірлік техника қызмет атқарған болатын. 31-нен 1-не қараған түні бізде қала аумағында пиротехниканы абайсыз пайдалану, болмаса тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі бойынша ешқандай оқыс оқиға тіркелген жоқ. Бұл барлығы ТЖ департаментінің тарапынан атқарылған ауқымды жұмыстар жемісі деп білеміз».

Еске сала кетейік, үшінші мегаполисте пиротехникалық тауарлардан зардап шеккендер туралы дерек өткен жылы да тіркелмеген болатын.