Жол-көлік оқиғасын полициясыз ресімдейтін «Еурохаттама» қалай жұмыс істейді?

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап ұсақ жол-көлік оқиғаларын полицияның қатысуынсыз тіркеуге болады. Азаматтар кейбір жол-көлік оқиғаларының хаттамысын өзі толтыруға мүмкіндік бар. Ал сақтандыру төлемдерін полиция мен соттың қатысуынсыз онлайн режимде қалай алады?

Енді қазақстандықтар ұсақ жол-көлік оқиғаға тап болса, полицияның қатысуынсыз сақтандыруды ресімдей алады. Шымкент тұрғыны Заңғар Әлтен бұл өзгеріс уақыт жағынан ұтымды болғанымен зиянды тұсы да бар дейді.

«Негізі дұрыс деп ойлаймын. Уақыт құртпай, өзі суретке түсіріп, сақтандыру рәсімдеп жіберсе, бұл дұрыс шығар деп ойлаймын. Полицияны күтіп уақыт жоғалтқанша. Екінші жағы да бар. Полиция келгені де дұрыс, қашып кетеді деп ойлаймыз. Заң жағынан да қызметкерлер ғой не дегенмен. Сол жағынан онлайнға қарағанда қызметкерлер келгені дұрыс», – деді Шымкент қаласының тұрғыны Заңғар Әлтен.

Ал, шымкенттік көлік жүргізушілер жобаның тиімді тұсы көп дейді. Олар қосымшаны дереу жүктеп алуға асығыстық танытып отыр.

«Негізі тиімді ғой. Соғысқан жағдайда ұзақ уақыт күтесің, түрлі проблема болады. Ал жаңадан шыққан заң қолайлы«, – деген ойын жеткізді қала тұрғыны.

«Уақыты тиімді болады. Пробкалар да азаяр еді. Тиімді», – дейді қала тұрғыны Нұрбол Маратов.

Сақтандыруды ресімдеу үшін “Еурохаттама” мобильді қосымшасын қолдана аласыз. Көлік жүргізушілер қосымша көмегімен жол-көлік оқиғасын тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.

Қуаныш Тілекбаев, ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы: «Жол-көлік оқиғасын ресімдеу үшін мобильді телефонға «Еурохаттама» қосымшасын қосып алып, тіркелу рәсімін жүргізу және оқиға материалдарының фото және бейнесін тіркей алады. Біріншіден, Азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғаларын ресімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс жағдайлары төмендейді. Екіншіден, жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Үшіншіден, сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады«.

Егер бұрын жол-көлік оқиғасы кезіндегі тіркелген сақтандыру төлемін алу 30 күннен 90 күнге дейін уақыт алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді.

Дегенмен, өздігінен ресімдеудің міндетті үш шарты бар: Бірінші, жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысқан кезде болмақ. Екіншісі жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Ал үшіншісі – апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмей, көлікке келтірілген шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса ғана ресімдеу жүзеге асады.