Еңбек адамына құрмет көрсету төңірегінде Президент өзінің халыққа арнаған Жолдауында ерекше атап өтті. Осы орайда еңбек адамдарын құрметтеу, жастарды адал еңбекке шақыру мақсатында аудан әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Бақтияр Абдрахмановтың бастамасымен бірнеше жылдан бері Келес ауданы әкімі аппаратында бағбан қызметін атқаратын Жалел Ахмурзаевқа 63 жасқа толуына орай аудан әкімі аппаратының ұжымы велосипед тарту етті.
Ол бүгінгі таңда келісім шартын бір жылға ұзартып, келер жылы зейнет демалсына шығады. Әкімдік бағбаны ұжымның күтпеген жерден табыстаған кәде сыйын зор қуанышпен қабылдады.
– Ауданымыз осыдан дерлік алты жыл бұрын өз алдына Сарыағаштан бөлініп, жеке аудан болғалы көптеген жұмыс орындары ашылды. Сол қатарда мен де әкімдікке бағбан болып орналасып, еңбек етіп келемін. Үйім осы Абай ауылында болғандықтан күнде жаяу жұмысқа жаяу қатынап жүрдім. Бүгін басшылық еңбегімді елеп, осы ортаның бір азаматы екенімді айтып велосипед сыйлады. Елеп, ескерген әріптестіме өз алғысымды айтамын. Енді үй мен жұмыс арасын осы велосипедпен жақындатамын, — деген Жалел Ахмурзаев өз ісіне кірісті.
Айта кетейік, Жалел Ахмурзаевтың күнделікті таңғы жетіде өз жұмыс орнына келіп, ғимараттың айналасын тазартып, ағаш, гүл секілді өсімдіктерді күтіп баптайды. Бүгінгі таңда Келес ауданы әкімі аппараты ғимаратының маңында 50-ге тарта ағаш және гүлдер жайқалып тұр.