Леңгір қаласында дүкен қирап, 2 адам зардап шекті. Олардың бірі кәсіп иесі болса, екіншісі 6 жасар немересі. Төтеншеліктер оқиға түскі уақытта орын алғанын айтады. Ал газға жауапты мамандар аталған жайттың нақты себебі сараптамадан кейін ғана белгілі болатынын айтып, орын алған жағдайға байланысты ешқандай ресми ақпарат берген жоқ.
Бүгін Леңгір қаласындағы дүкендердің бірінде жарылыс болып, 2 адам зардап шекті. Мамандардың сөзінше, бұл нысанның астынан газ құбыры өткен. Алдын ала мәлімет бойынша 1960 жылдары құрылысы жүрген құбырдан газ шығып, орын алған тарсыл салдарынан дүкен қирандыға айналды.
Ал нысан 2006 жылы салынған. Азық-түлік дүкенінің иесі құрылыс жүргізерде бұл жердің қауіпті аймақ екені жайында ескертілмегенін айтады. Тіпті барлық рұқсат қағазын да алған. Тек араға 3 жыл салып, мұнда өткен ғасырдың орта тұсында жүргізілген газ құбыры барын айтыпты.
«Барлығы бізге рұқсат беріп тұр ғой. Ол кезде мұның астында газ жатқанын білмеген. Құжат бойынша барлығы, тіпті әкімге дейін рұқсатын беріп қойған. Дүкенді іске қосып қойған соң 3 жылдан кейін барып астында газ бары айтылды. Оған дейін ешкім білмеген. Қазір ешкім хабарласпады. Не істеу керек деп, біз өзіміз сұрап жатырмыз. Талап етіп жатырмыз. Бірақ бәрі білмейміз деп басын алып қашып жатыр. Ешкім бізге көмектеспеді», — дейді дүкен иесінің қызы Бибіхан Өтелбаева.
Былтыр мамандар жер астындағы газ жолын сыртқа шығару жұмыстарын бастаған. Алайда жұмыс әлі толық аяқталмапты. Бибіхан Өтелбаева құрылыс ертерек біткенде мұндай жағдай орын алмайтын еді дейді.
«Осы уақытқа дейін, қимылдамады. 2023 жылдың соңында бюджет қаржысын игеру үшін құбырды жүргізіп еді. 2024 жыл басталған бойда тоқтап қалды. Егер олар жұмысын тиянақты істеп, бәрін бітіргенде осындай жағдай болмас еді», — дейді дүкен иесінің қызы Бибіхан Өтелбаева.
Оқиға салдарынан 1965 жылы туған кәсіп иесі мен немересі жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген. Қазір 6 жасар қыз амбулаториялық ем алып үйіне шығарылды. Дәрігерлердің сөзінше, 3 дәрежелі күйік алған әжей қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
«Жарылыс бойынша біздің ауруханаға 2 кісі түскен. Олар апасы мен немересі. Апасы қазір реанимацияда ем қабылдап жатыр. Апа 10-12% пайыз күйік алған. Бет аймағы, қолдары зардап шеккен. Ал баланың қолы күйік жарақатын алған», — дейді хирургия бөлімінің меңгерушісі Олжас Арапбаев.
Төтеншеліктер газ тарсылы түскі сағат 12-лерде болғанын айтады. Алайда ешқандай өрт шығу жағдайы тіркелмеген.
Айдарбек Ақбердиев, №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы: «Екінші шақырту бойынша мекен жайға құрам жіберілді. Келіп жеткен жағдайда Күмістөбе көшесі «Ділдә» магазинінде жарылыс болған. Бірақ өрт шықпаған. Зардап шеккен 2 науқас жедел жәрдеммен ауруханаға жіберілді»
Ал әкімдік құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлім басшысының ауысуына байланысты нақты ақпарат бере алмайтынын жеткізді.
Азамат Құрбанбеков, Төлеби ауданы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлім басшысының м.а.: «Мен ол кезде жұмыс істемедім. Бірақ ол ақпаратты анықтап көру керек. Азаматты шақырып, жағдайды қарау керек. Құжаттары нақты бар ма қарау керек. Содан кейін ғана шешім шығады ғой. Оған дейін мен мынадай, мынадай деп айта алмаймын».
Ал газға жауапты мамандардың мәліметінше оқиға газ шығу салдарынан болмауы да мүмкін. Оның анық қанығы сараптамадан кейін белгілі болады деген мамандар, қазірше жағдайға қатысты ешқандай ресми ақпарат берген жоқ.