Шымкентте ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жұмыс сапарымен келді. Қала тұрғындарымен және білім беру саласының мамандарымен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Министрдің сөзінше, Шымкент қаласында 2028 жылға дейін 50 340 оқушыға арналған 63 мектеп салу жоспарланып отыр.
Министрдің тұрғындармен кездесуі барысында мектеп директорларына қатысты бірқатар проблемалар көтерілді. Мәселен, қалада 45 директордың басшы ретіндегі біліктілік санаты жоқ. Сондай-ақ, 13 білім ордасының басшысы бір орында 7 жылдан бері отырған көрінеді.
«Бүгінгі күні Шымкент қаласында 150 мектептің бесеуінде басшының орны бос. 13 мектептің басшысы бір орында 7 жылдан бері отыр. Басты себеп — басшы лауазымдарына лайық кандидаттардың болмауы. Білім басқармасының мәліметі бойынша 45 директордың басшы ретінде біліктілік санаты жоқ, 16 директордың пән ойынша санаты жоқ»,- деп мәлімдеді Шымкент қаласы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменінің басшысы Сұлушаш Құрманбекова.
Шымкентте 26 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл 3 мектепті реконструкциядан өткізу үшін 2 млрд-қа жуық қаржы қаралып отыр. 2025 жылға дейін 25 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізіледі. Шымкентке жұмыс сапарымен келген ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа мектептер салумен қатар, ескі мектептерге де лайықты көңіл бөлу қажеттігін айтты.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі: «Мектептердің заманауи жабдықтармен жабдықталу мәселесі әлі де шешімін табу керек мектептер бар. Соның барлығын түбегейлі шешуіміз керек. Жаңа мектептер салумен қатар, ескі мектептерде күрделі жөндеуді қолға алу бағытында әлі де атқаратын жұмыстарды біз көріп отырмыз».
Шымкент қаласында 2028 жылға дейін 50 340 оқушыға арналған 63 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл бала саны көп білім ордаларындағы проблеманы шешеді.
«2025 жылға дейін Шымкент қаласында 18 жайлы мектеп салу жоспарланған. Оның 12-сі биыл пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Алтауы келесі жылы берілетін болады. Одан бөлек инфрақұрылымды дамыту қоры есебінен тағы да салынатын болады. Жалпы 2025 жылға дейін қалада 26 мектеп күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Соның ішінде 15 мектеп бойынша ЖСҚ әзірленіп, 2024 жылы 3 мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін 2 млрд-қа жуық сома қаралды», — дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.
Айта кетейік, мегаполисте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 28000 оқушыға арналған 18 мектеп бар. Ал өткен жылы шамамен 20 мың оқушыға арналған 23 мектеп ашылды.