Енді шымкенттіктер дайын құжаттарын халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек күтпей-ақ ала алады. Себебі мұнда постоматтар орнатылды. Бұл құрылғы 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істейді. Сондықтан сіз өзіңізге ыңғайлы кез-келген уақытта дайын құжатыңызды алып кетсеңіз болады.
Шымкенттегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарына постоматтар орнатылды. Бұл құрылғы дайын құжаттарды алуға арналған. Азаматтар постоматтардан құжаттарын кез-келген өзіне ыңғайлы уақытта ала алады.
Мадина Ибрагимова, Қаратау аудандық №1 Халыққа қызмет көрсету бөлімінің бас маманы: «Постомат арқылы 11 қызмет түрін алуға болады. Олардың ішінде баланың тууын тіркеу, жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, құжаттарға апостиль қою, құқық белгілейтін құжаттар және басқалары бар. Аталған қызметтер бойынша өтінімді рәсімдеу кезінде клиентке нәтижені постоматтан алу туралы ұсыныс айтылады. Клиент құжаттың дайын болғандығы туралы хабарламаны алғаннан кейін, 3 күннің ішінде құжатты алуы тиіс. Үш күннің ішінде алмаса, құжат дайын құжатты беру секторына қайтадан өтеді. Бұрынғыдай мамандардан алып кетсе болады»
Шымкенттік тұрғын Әліш Жүндібаев құжатын постомат арқылы алуға ұсыныс тастады. Оның құжаты 2 күннен кейін дайын болмақ. 48 жастағы азаматты құрылғының 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істейтіні қуантады дейді.
Әліш Жүндібаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен ХҚКО-на балаларыма туу туралы куәлік алуға келдім. Қызметтері жақсы. Енді 2 күннен кейін постомат арқылы аламын. Өзіме сол ыңғайлы. Өйткені, жұмыс уақытының тығыздығына, үлгере алмауымызға байланысты құжатты қалаған уақытымызда келіп алуға мүмкіндігіміз бар екен»
Құжаттың дайын болғанын азаматтар SMS-хабарлама арқылы біледі. Ал бұл ұяшықтар биометриялық сәйкестендіруден өтіп, SMS-хабарламадағы 5 таңбалы кодты енгізгеннен кейін ғана ашылады. Бұл үшінші тұлғалардың сервисті пайдалана алмауы үшін қауіпсіздік мақсатында жасалған дейді мамандар. Бүгінде бұл постоматтар Ә.Жангелдин және Қ. Төлеметов көшелеріндегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында орнатылған.