Жетісайда ішіп алған жас жігіт дүкен кассасындағы бар ақшаны жымқырып кеткен

1232

Жетісай ауданында кезекті ұрлық қылмысы орын алды. Бұл жолы ішімдік ішкен тұрғын азық-түлік дүкеніне ұрлыққа түсіп, кассадағы бар ақшаны үптеп кеткен.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға түнгі сағат 03:00 шамасында болған. Дүкен иесінің айтуынша, белгісіз біреу сауда орнына заңсыз кіріп, азық-түлік пен кассадағы 1 млн-нан астам теңгені, сонымен қатар құны шамамен 40 мың теңгеге жуық түрлі заттарды қолды еткен.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде күдікті ұсталды. Ол 30 жастағы жергілікті жұмыссыз тұрғын болып шықты. Ал ұрлық қылмысы дүкендегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған екен.

Тергеу барысында белгілі болғандай, жас жігіт мас халде жол бойында орналасқан дүкеннің пластик терезесін күшпен ашып, ішке кірген. Оңай ожасын бас қажеттілігіне жаратып үлгеріпті. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

(Фото: ашық дереккөз)