Арнайы жасақ аруы ел тыныштығын күзетіп жүр

40

Шымкент қаласының жедел қимылдайтын арнайы жасақ құрамында 9 ару бар. Соның бірі – Айжан Анарбай. Ол «қыздар әлсіз болады» деген қағидамен келіспейтінін айтады. Себебі ол, ел тыныштығын күзету ісінде ерлермен иық тіресе үлес қосып жүр. Тіпті қауіпті қылмыскерлерді ұстаудан да жалтарған емес. 

«От пен суға түсуге дайынбыз» деп әзілдеген ару Айжан Анарбай жедел қимылдайтын арнайы жасақ сарбазы. Нәзік жанды болғанына қарамастан ерлермен иық тіресіп қауіпті қылмыскерлерді ұстауға атсалысып жүр. Білекті де жүректі ару арнайы жасаққа енген сәтте, бала күнгі арманы орындалғанын айтады.

«Бұл менің бала күнгі арманым. Осылай формада қызмет еткім келетін. Сондықтан спортқа келдім. 7 жасымнан бастап спортқа келдім. Алғашқы жұмысқа кіріскен кезде қиындау болатын. Қазір үйреніп кеттік», – дейді Шымкент қаласы ПД ЖҚАЖ құрамының қызметкері Айжан Анарбай.

Білекті ару деп айтуымыз бекер емес. Себебі Айжан джиу-джитсудан Ресейде өткен байрақты бәсекенің чемпионы. Ол сайыс барысында ерекше ептілік танытып, әлем елдерінен келген спортшылар арасында алтыннан алқа тағынды. Батылдығымен көзге түскен Айжан жұмыста қандай жағдай болса да өзімді еркін ұстауға тырысамын дейді.

«Спорт саласынан мұнда жұмысқа келген соң ешқандай қиын болмады. Біз көбіне әйел кісілерді ұстауға барамыз. Кейде ер адам жетпей жатса, немесе қыз жетпесе ерлермен бірге бара береміз. Топты алдымен ер адам бастайды. Біз артынан барамыз», – дейді Шымкент қаласы ПД ЖҚАЖ құрамының қызметкері Айжан Анарбай.

Қаламыздың тәртіп сақшылары құрамында 100-ге тарта әйел бар. Олар үшін 8 наурыз жұмысынан жеңілдік ала алатын ерекше мереке. Алайда антына адал арулар қашанда ел тыныштығын сақтауға сақадай сай.