Әлеуметтік пәтерлер сапасы жақсаратын болады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Шымкентке келген іс-сапарында мәлімдеді. Ол тұрғын үй сапасын арттыру үшін жаңа шешім қабылданғанын айтты.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Шымкентке іс-сапармен келді. Мұнда ол еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысты. Соның бірі Орталық Азиядағы ең ірі трасформатор бөлшектерін шығарумен айналысатын зауыт.
Бірнеше кәсіпорынды аралап көрген министр өзімізде өндірген тауарларға қолдау көрсету керектігін жеткізді. Сондықтан квазимемлекеттік компанияларға Отандық тауарларды қолдануға тапсырма бермек. Қанат Шарлапаев сонда ғана өндіріс саласының әлеуеті артатынын айтады.
«Өзімізден тапсырма болады, Үкіметтің шешімімен толықтай өндірісті арттыру үшін квазимемлекеттік компанияларға тек осы кәсіпорындармен бірге жұмыс істе деп тапсырма береміз. Сол арқылы өзіміздің өнімді қолдауымыз керек. Компаниялар өзіміздің ауа райына келетін трансформаторларды алу керек. Оның шешу жолы жақсы сертификация жасау. Оны сауда министрлігімен бірлесіп қарайтын боламыз», — дейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Сонымен қатар, ведомства басшысы әлеуметтік тұрғын үйлердің сапасын жақсарту мақсатында жаңа жоба қолға алынғанын айтады. Нақтырақ айтқанда енді жалдамалы пәтерлерді жекеменшік компаниялардан сатып алу көзделіп отыр.
«Біз сапаны жақсарту үшін заңнамаға өзгеріс енгізіліп жатыр. Енді әкімдік республикалық немесе жергілікті бюджет қаражатына үйді өздері салмайды. Бұл өзгеріс биылдан бастап қолға алынады. Бұдан бұлай үйді жекеменшік компаниядан сатып алады. Олар жартысын әкімдікке сатса, жартысын өздері қалаған адамға сата береді», — дейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Жұмыс сапары аясында Қанат Шарлапаев кәсіпкерлермен кездесіп, толғандырған мәселелерін тыңдады. Қойылған сауалдарды жазып алған ол проблеманың шешу жолдарын қала әкіммен бірнеше айдан кейін онлайн байланысқа шығып талқылайтынын жеткізді.