Шымкентте жыл басынан бері 347 тұрғын жаңа қонысқа көшті. Оның 25-іне бүгін баспана кілті табысталды. Пәтерлер ерекше әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға арналған.
Жыл басынан бері 347 тұрғын жаңа қонысқа көшті. Соның бірі 1 топ мүгедегі Бердіқожа Смайылов. Ол 2014 жылы үй кезегіне тұрыпты. Анасының айтуынша ол кезде 5496-ыншы болып тіркелген. Араға 11 жыл салып, баспанаға қол жеткізді. Жадыра Нақова, бұл – отбасындағы ең үлкен қуаныштың бірі дейді.
ЖАДЫРА НАҚОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бәрімізді елеп ескеріп там беріп жатқанына алғысымыз шексіз. Үй алу деген де бір мәртебе ғой. Рақмет. Бұл бала ДЦП болып ауырған. Қазір жағдайымыз шүкір жақсы. Қуанышыз қойнымызға сыймай жатыр, көз жасына да ерік берген сияқтысыз. — иә қуаныштың көз жасы».
Бүгін жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы аясында 25 отбасыға пәтер кілті табысталды. Салтанатты рәсімге қала әкімі қатысып, жаңа қоныс иелерімен тілдесті.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Кезекте тұрғандар көп. Одан да өсіп жатыр. Бәріне бірден бере салу мүмкін емес. Қазір көп жұмыс жасалып жатыр. Үйлер салынып жатыр. Сіздерден кейін кезекте тұрғандарға сабырмен күте тұрыңыздер десеңіздер. Кезексіз ешкім өтпейді».
Пәтерлер ерекше әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға арналған. Тұрғын үйлер Асар-2 және Тұран шағынаудандарында орналасқан. Мамандардың айтуынша азаматтардың әлеуметтік мәртебесі, отбасы құрамы, табыс деңгейі заң талаптарына сай тексеріледі.
ЕРКІН АҚЫНШАЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШҚФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Осал топтар қатысты. Түгендеу жұмыстары кезінде бәрі түгел болатын болса, үй, отбасы саны, заңға сәйкес келеді ме. Заңға сәйкес келмейді ме анықтап, тұрғын үй басқармасына жібереміз. Күндік табыс көзі деген бар. Одан асып кетсе, ипотекалық үйге жіберіледі. Қазір қарайтын болсақ, 2014, 2015, 2016 жылы кезекке тұрғын азаматтар іріктеліп жатыр».
Ақпан айында тағы 200 отбасы қоныс тойын тойламақ. Нәтижесінде, жалпы 544 отбасы баспаналы болады. Бұл – әкімдік тарапынан сатып алынған тұрғын үйлер есебінен жүзеге асқан. Алдағы уақытта да тұрғын үй сатып алу жұмыстары жалғасуы мүмкін.
Әсел Мәлік






