Шартты түрде мерзімінен босап шыққан Түлкібас тұрғыны отбасының шырқын бұзғаны үшін түрмеге қайта тоғытылды.
Ер адам 2013 жылы 14 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. 2022 жылы жазасының 4 жыл 7 ай 18 күн өтелмеген мерзімі қалған кезде ол мерзімінен шартты түрде босатылған. Алайда Түлкібас аудандық сотында шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату туралы шешімнің күшiн жою және жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн орындау туралы ұсынысы қаралды.
Облыстық соттың мәліметінше, себебі ер кісі анасы мен қарындасын ар-намысына тиетін сөздермен балағаттап, қорқытып, отбасы тыныштығын бұзған. Бұдан өзге алкогольдік масаң халде қоғамдық орында жүрген.
Әкесі — жасы 70-ке жақындап қалған I-топтағы мүгедек екен. Мүмкіндігі шектеулі жан сотта ұлы түрмеден шығып келгелі ұрып-соғатынын, үйде жанжал шығарып анасын, қарындасын балағаттайтынын айтқан. «Өлтіріп қоя ма» деп үнемі үрейде отыратынын алға тартқан зейнеткер баласын қайта бас бостандығынан айыруды сұраған.
Алайда шартты түрде мерзімінен босап шыққан ер кісі өзіне тағылған бұл айыпты мойындамады. Керісінше ішімдікке әуес еместігін, әкесін ұрмайтынын, оның айтқан сөздерімен келіспейтінін, үй тірлігіне үнемі көмектесетінін айтып, соттан кешірім сұраған.
Сот қаулысымен Түлкібас аудандық полиция бөлімінің ұсынысы қанағаттандырылып, ер кісі жазаның өтелмеген 4 жыл 7 ай 18 күн мерзімін өтеу үшін қайтадан қамауға алынды.
(Фото: ашық дереккөз)