Шымкентте 4 балабақша иесі 29 млн. теңгеден аса қаржыны заңсыз қалтаға басқан

35

Шымкентте 4 жеке балабақша иелері 29,6 млн. теңге бюджет қаражатын заңсыз иемденген. Бұл туралы қалалық прокуратура мәлімдеді. Олар 2 жылдан аса уақыт мектепке дейінге мекемеге келмеген 45 бала үшін ақша алып отырған.

Аталған жайтқа қатысты тергеу жүргізіліп, сот шешімімен 1 бөбекжай меңгерушісі 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылса, екіншісі 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Оның біреуі бұған дейін 2 рет сотты болған азамат. Ал қалған мамандар кешірім алуына байланысты жазадан босатылған.

«Сол 4 балабақшада 45 баланың мекемеге бармағанына қарамастан, алаяқтық жолмен жалған құжат тапсырған. Нақтырақ айтқанда, табельде келмеген баланы келді деп көрсетіп, қомақты қаржыны иеленген. 4 факті бойынша да қылмыстық іс қозғалып, 2 іс тараптардың татуласуына байланысты өндірістен тоқтатылды. Келтірілген шығын толық бюджетке қайтарылды.  Ал екі қылмыс сотқа жолданды. Себебі олар ақшаны қайтарғанмен, іс ешқандай жеңілдетуге жататын талапқа сәйкес келмейді», — дейді Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев.

Бұған дейін 2018-2019 жылдары істі болған басшының жазасын өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылған. Ал соңғы жайттан кейін ол сот шешімімен өмірбақи мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан айрылды.