«Ауылды дамытпасақ, тұрғындардың көшіп кетуін шектей алмаймыз»: Дархан Сатыбалды

138

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласы, Ащысай ауылына барды. Жергілікті тұрғындармен, қоғам белсенділдерімен кездесіп, ауылды дамыту мәселесін талқылады. «Ащысай» түсті металл комбинатының Ащысай руднигіне қарасты металлургиялық цехының қалдықтар қоймасы мен ауыл шетіндегі өндірістік шахтаға да барып, қазіргі жағдайымен танысты.

«Ащысай ауылын дамытып, жұмыс орнын көбейтпесек, тұрғындар көшін шектей алмаймыз». Осылай деген облыс әкімі ауылда ең алдымен кәсіпорындар ашу мәселесін шешуге күш салу керек деді. Бұл жайлы ол Ащысайға сапары кезінде айтты. Ол жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер бастамасына қолдау бар екенін жеткізді. Өңір басшысы жауаптыларға тау-кен орындарын барлап, зерделеу жүргізу жайын тапсырды.

Ащысай ауылының мәдениет үйінің жай-күйімен танысқан аймақ басшысына тұрғындар мәдениет үйін жөндеуден өткізу жөнінде өтініш айтты. Сонымен бірге ауылға газ тарту, жол салу, туризмді дамыту мәселесін көтерді. Және балалар лагерін ашу, демалыс орнын көбейту, инфрақұрылымды жақсарту туралы да ұсыныс білдірді.

Өңір басшысы ауылдағы «Ащысай» дәрігерлік амбулаториясы мен «Сәуле» балабақшасына барды. Дархан Сатыбалды Кентау қаласының әкімі мен басқарма басшыларына Ащысай ауылын дамыту бойынша жоспар әзірлеуді тапсырды. Және осы аймақтан түлеп ұшқан азаматтар туған жерді түлетуге үлес қосса деген ұсынысын жеткізді.

Кезінде өндірісімен танылған Ащысай ауылында 2 мыңға жуық тұрғын бар. Қазір ауыл тұрғындары электр желісімен, ауыз сумен қамтылған. Айта кетейік, Ащыбұлақтың тау-кен өндірісі мүмкіндігін зерттеу, қазбаларды кәдеге жарату бойынша жауапты министрлікке ұсынысхат жолданған.