Сарыағаштық кәсіпкер әлеуметтік желіде су тасқынынан зардап шеккен 100 адамға өзінің шипажайынан уақытша тегін баспана беруге дайын екенін айтып үндеу жариялаған еді.
Ғазиз Шопанов қазір Батыс өңірінен келетін қонақтарды күтіп алуға қызу дайындық үстінде. Өйткені демалыс орны басшысының ұсынысын қабыл алған бірнеше азамат, шипажайлы өңірге қарай жолға шығыпты.
«Жүрегім ауырып, халқымызға жәрдемім болсын деп өз тарапымнан өзіме тиісті ғимараттымнан 100 адамға уақытша баспана бере тұрайын деп шештім. Соған байланысты қазір Атырау, Ақтөбе облысының жігіттері хабарласып жатыр. Жолына көмектесемін деген адамдар бар. Келген азаматтарға орын дайын, уақытша баспана бере тұрамыз» — дейді кәсіпкер Ғазиз Шопанов.
Ғазиз Шопанов бұл бастама жергілікті әріптестері тарапынан қолдау табарына сенеді. Айта кетейік, қазір еліміздің 9 өңірінде төтенше жағдай жарияланған. Онда 3 жарым мыңнан аса баспана су астында қалды. Ал топан су басқан аймақтардан 76 мың адам эвакуацияланған.
Қазір Батыс өңірлерде қауіп сейіле бастағанмен, алдағы күндері Шығыс Қазақстанда күн күрт жылып, жаңбыр жауады деп күтілуде. Сонымен қатар мамандардың сөзінше Алтай тауларының 60 пайыз қары әлі ерімеген.