Келес ауданында 4 мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері балаларға күш көрсеткені белгілі болды.
Мұны жергілікті прокурорлар бейнебақылау камераларын зерделеу кезінде анықтаған. Бейнежазбадан әйелдің бүлдіршінді еден сүрткішпен ұрғаны анық байқалған. Осы іске қатысты ол енді 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар қадағалаушы орган балабақшалардағы санитариялық талаптардың орындалуы мен тамақтың сапасын тексереді.
«Біз тек бала қауіпсіздігін қарап жатқан жоқпыз. Негізі тексеруді бөлінген ақша қайда кетіп жатыр? Соны тексеру үшін мониторинг жасап бастағанбыз. Енді алда балақайларға берілетін тағамдарды зерделейміз. Бұл әзірге тек 6 балабақшаны тексеру кезінде шыққан дүние. Алда қанша мекеме бар. Бұл жұмысты 20 күнде аяқтаймыз. Біз бала құқығының сақталып жатқанына көзімізді жеткізу үшін бар жағдайды жасаймыз», — дейді Келес ауданының прокуроры Нұрлан Ешенқұлов.
Жақында Шымкенттегі жекеменшік балабақшада да дәл осындай жанжал шықты. Кадрда маманның баланы тәрбиелеу кезінде қатыгездікке барғаны байқалады. Бұл бейне әлеуметтік желіде тараған. Алайда білім басқармасы ұрып-соғудың болмағанын, маман бүлдіршіндерді тынышталуға шақырғанын жеткізді. Ал осы оқиғадан кейін тәрбиешінің көмекшісі өз еркімен жұмыстан шығып кетсе, жекеменшік балабақша меңгерушісіне қатаң сөгіс жарияланған.