Бүгін Шымкентте «Таза Қазақстан» эко-акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы бастау алды. Қаланың белсенді жастары мен қоғам қайраткерлері демалыс орындарын, әлеуметтік орталықтарды қалыпқа келтіруге атсалысты.
«Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында қаламыздың ардагерлері демалыс орындарын тазалауға атсалысты. Олар таңертеңмен Абай саябағына келіп, сынған бұталар мен қоқыстарды жинады. Игі істен үлгі-өнеге алсын деген ниетте ақсақалдар өздерімен бірге немерелерін де ерте келіпті.
«Қаламыз, демалыс орындарымыз таза болса, тұрғындардың да денсаулығы жақсы болады. Дені сау ұрпақ біздің келешегіміз. Сондықтан бүгінгі сенбілікке немеремді алып келдім. Осында келіп немерем Диас қалай жұмыс істеу керектігін көрсін дедім. Үйренсін үлкендерден көргенін. Бұл жақсы бастама деп ойлаймын», — дейді Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев.
Абай демалыс орнынан бөлек Тұран ауданында 5 нысанда сенбілік өтіп жатыр. Онда қоғам белсенділері, жастар өңірімізге белгілі қариялардың үй ауласы мен қаланың көрікті жерлерін қалыпқа келтіруге қол ұшын созуда.
«Қазіргі Абай саябағында ауданымыздың ақсақалдары, депутаттары және қала қариялары, аудандық әкімдік қызметкерлері шөп ору, тал әктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл қаламыздың тазалығына қосқан үлесіміз деп білемін», — дейді Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков.
Ал акция аясында еңбекшілік жастар №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Бірнеше білім ордасынан жиналған студенттер мекемені көгалдандыруға көмек берді. «Авицена» колледжінен келген Өтеген Хален айтулы мекемедегі қарттармен кездесуден ерекше әсер алғанын айтады.
«Біз «Авицена» жастары және Шымкент жастары қарттар үйіне келіп, өз көмегімізді тигізудеміз. Бұл акциядан ұғатынымыз өскелең ұрпаққа, жастарға таза қаланы, таза даланы бірге ұстану», — дейді студент Өтеген Хален.
Шымкенттік жастардың еңбегін бағалаған қариялар оларға ақ тілегін арнап, батасын берді.
«Батам қабыл болсын, ішкенің адал болсын, ниетің қабыл болсын. Қыдыр болсын жолдасың, Алла өзі қолдасын», — дейді жасы 90-нан асқан ақсақал.
№2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аумағы 4 жарым гектарды құрайды. 200-ге тарта тұрғыны бар мекеме басшысы бүгінгі атқарылған тазалық жұмыстары үлкен көмек болғанын жеткізді.
«Біраз мектептердің, балабақша қызметкерлері, әкімдік мамандары, жастар келіп, түске дейін біраз жерді тазалап, талдарымызды ақтап, шөбімізді орып үлкен жұмыстар атқарды. Менің алғысым шексіз. Осы жердегі қариялардың атынан, барлығына көп рақмет», — дейді №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Шәрбат Шырынбекова.
Сонымен қатар Еңбекші ауданына қарасты көпқабатты үй тұрғындары акция кезінде өз аулаларын абаттандырумен айналысты. Олар коммуналдық қызметкерлермен бірге ойын алаңдары мен орындықтарды сырлап, көшелерді күл-қоқыстан тазартты.