Шымкент әкімі соғыс ардагерлеріне пәтер кілтін табыстады

534

(Фото: Шымкент қаласы әкімдігі)

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлері Мұратәлі Төлепбергенұлы мен Нина Мосуноваға Мемлекет басшысының арнайы жолдаған Алғысын жеткізіп, пәтер кілттерін табыстады.

Әкімдіктің хабарлауынша, қала басшысы өз сөзінде аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатынын айрықша атап өтті.

«Біз Жеңістің құндылылығын ешқашан ұмытпаймыз және бостандық үшін қаза тапқан батырлардың жарқын жадына тағзым етеміз. Сіздердің бойларыңыздағы ерлік пен ұлы рух, батылдық пен батырлық болашақ ұрпақ үшін табандылық пен патриотизмнің лайықты үлгісі болып табылады»,-деді Ғабит Сыздықбеков.

(Фото: Шымкент қаласы әкімдігі)

Айта кетейік, Шымкентте Жеңіс мерекесі айрықша салтанатымен аталып өтті. Ғабит Сыздықбеков соғыс ардагерлерімен бірге «Даңқ мемориалына» гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Сондай-ақ қала тұрғындары да «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Еске салсақ, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тікелей ұсынысымен Жеңістің 79 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемі 1 329 120 теңгеден 2 000 000 теңгеге дейін артты. Сондай-ақ соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 166 140 теңге төленді. Бұған дейін олар 132 мың теңге алған. Тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетілді. Өткен жылы оларға 41 400 теңгеден берілсе, биыл көмек көлемі 55 380 теңгеге ұлғайтылды.