Шымкентте «Мейір» балет мектебінің 25 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. «Ширек ғасыр шыңдары» атты мерекелік кеште өнер сүйер қауым рухани азықтанып, балет мектебі тәрбиеленушілерінің шығармашылығына тәнті болды.
Түркістан сарайының сахнасы өнердің нағыз әлемдік ордасына айналған сыңайлы. Ой мен жан құбылысын қозғалыс, дене қимылымен көрсеткен балериналар құстай самғап, көрерменді ғажайып сезімге бөледі. «Мейір» балет мектебіміздің 25 жылдық мерейтойына бар күш-жігерімізді, ынтамызды салып дайындалдық» дейді Еркеназ Сағынбай.
Еркеназ Сағынбай, «МEIR» балет мектебінің тәрбиеленушісі: «Жеті жыл балетпен айналысамын. Балет мектебі достар табуға, түрлі сайыстарға қатысуға сенімділікке үйретті».
Шымкенттегі балет мектебінің негізін қалаушы- хореограф, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Болат Атаханұлы Мейірбеков. 2011 жылы дүниеден өткен тұлғаның ісін жұбайы Ламила Тайкенқызы жалғастырды. «Ширек ғасыр шыңдары» атты мерекелік кешті тамашалауға арнайы шақырту алған өнер майталмандары керемет жетістікке жеткен балет мектебінің ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
Сәуле Естемесова, музыкатанушы: «Болат Атаханұлының Қазақстанда алғаш рет ашқан жекеменшік балет мектебінің бүгінгі жетістіктерін көріп қуанып жатырмыз. Кәсіби маман Болат Атаханұлы барлық мәселелерді шешіп, хореоргафиялық өнер мәдениетін жоғары деңгейге жеткізуге сүбелі үлес қосты. Бұл балет мектебі керемет тәрбиеленушілерді дайындап шығаруда. Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін».
Түрлі халықаралық конкурстардың жеңімпаздары «МEIR» балет мектебі тәрбиеленушілерінің алар белестері алда. Ол шыңдарға жетуге ұжымға серіктестері, демеушілер, ата-аналар әрқашан қолдау көрсетуде.
Ламила Мейрбекова, «МEIR» балет мектебінің директоры: «25 жыл бір бозбаланың өмірі, тез өтіп кетті. Осындай жетістікке біз ұжым болып, серіктестеріміз, демеушілеріміз, тәрбиеленушілер, олардың ата-аналарының арқасында жетіп отырмыз. Бөкеңнің еңбегі орасан. Ол кісінің аманатын арқалап жүрміз. Мерей тойға арнайы Алматы, Астанадан келген Болат Атаханұлының достарына, әріптестеріне алғысым шексіз».
Мәдениетті дәріптеген балет ұжымының еңбегі зая кетпеді. 25 жылдық мерей тойда басшысы Ләмила Мейірбековаға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі табыс етілді.