Жеңіс күні соғыс ардагерлері сый сыяпатқа бөленді. Түркістан облысында өңірдегі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1,5 млн. теңгеден табысталды. Бұдан бөлек, бір реттік көмек соғыс қатысушылары мен мүгедектеріне және тыл ардагерлеріне де берілді. Жалпы бұған бюджеттен қанша қаржы бөлінді? Өңірде қанша Ұлы Отан соғысының ардагері қалды?
Бүгінде Түркістан облысында 11 Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Ұлы Жеңіс мерекесі аясында оларға бюджеттен 176 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Осылайша мейрам қарсаңында батырларға 1,5 млн. теңгеден үлестірілді.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Сонымен бірге, өңірдегі ардагерлерге теңестірілген тыл ардагерлері, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жалпы саны 3000-нан астам ардагерге де құрмет көрсетіліп жатыр. Батырларымызға бір реттік материалдық көмек төлеу үшін жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлініп отыр. Ардагерлерімізге амандық, шаттық тілейміз»
Ардагерлерді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтады. Ал облыс әкімі Дархан Сатыбалды 102 жастағы Немет Әбдірасиловтың үйіне арнайы барып, мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Екінші дүниежүзілік соғысының ардагеріне құрмет көрсетіліп, сый-сыяпат табысталды.
Айта кетсек, Ұлы жеңістің 79 жылдығына орай Түркістанда арнайы мерекелік іс-шара өтті. Ел басына күн туған сәтте өмірін құрбан еткен азаматтардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Сонымен қатар, келушілерге Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне арналған көрме ұсынылды.