Шымкенттіктер ұзақ күткен ақ мешіт бүгін ашылды. Сейтжан қари Есжанұлы мешітінің ашылуына иісі мұсылман жамағатпен қатар, ғалымдар да келді. Солардың бірі де бірегейі Құран Кәрімді өз қолымен жазып шыққан Шейх Осман Тоһа. Үлкен мешіттің ашылу салтанаты қалай өтті? Сейтжан қари Есжанұлы мешітіндегі алғашқы жұма намаз туралы толығырақ арна тілшісі жалғастырады.
Бүгін қасиетті жұма күні мегаполис тұрғындары асыға күткен ақ мешіттің ашылу салтанаты болып жатыр. Сейтжан қари Есжанұлы мешітінің ашылуына араб әмірліктерінен Шейх Осман Тоһа шақырылған. Қасиетті құран кәрімді 3 жыл бойы өз қолымен жазып шыққан жанды көріп, қолын алуға келгендердің қарасы қалың. Жиналған жамағат жаңбырға қарамастан далада намаз оқып жатыр»
Бұл бір мезетте 12 мың адам құлшылық ете алатын еліміздегі ең үлкен Алла үйінің бірі — Сейтжан қари Есжанұлы мешіті. 10 жыл бойы салынған ақ мешіттің салтанатты лентасын ұлты қазақ Шейх Осман Тоһа мен кәсіпкер Серікжан Сейтжанов кесті.
Шейх Осман Тоһа, каллиграф: «Қазақстанға, ата-бабамның кіндік қаны тамған жерге алғашқы рет келуім. Қазақтар жомарт халық екен. Жүректерінде дінге деген, Құранға деген үлкен махаббат бар. Осындай халықтың ортасына келгеніме қуаныштымын»
Мешітке әйгілі ұстаз, қари Сейітжан Есжанұлы Құртаевтың есімі берілген. Ал бұл қасиетті орынды салу идеясын қаридың ұлы, белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжанов ұсынған. Бүгінде көптеген игі істерге ұйытқы болып жүрген меценат әкесінің 12 жасында құранды толық жаттап, қари атанған білімді азамат болғанын айтады.
Серікжан Сейітжанов, демеуші: «Осындай деңгейге жетуім бірінші Алла, екінші бабаларымыз, үшінші әкемнің арқасы. Әкеміз 6 жасынан бастап, 12 жасында Құранды толық жаттап алған қари кісі болған. Осы жағдайдың бәрі атамыздан, әкемізден қалған. Ал енді бүгін әкеміздің құрметіне салынған үлкен мешіттің салтанатты ашылуына келіп отырмыз. Сіздерге мың да бір рақмет!»
Мешіттің ашылу салтанатына бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы мен мегаполис басшысы келді. Ғабит Сыздықбеков жамағатты қасиетті орынның ашылуымен құттықтап, Шейх Осман Тоһаға шапан жауып, мемлекет басшысының арнайы сыйлығын табыстады.
Ақ мәрмәрмен қапталған, 12 гектар аумақты алып жатқан қасиетті орын жертөлесін қосқанда 4 қабаттан тұрады. Мешітте құлшылық орындарымен қатар, 100 адамдық неке қию залы, 1100 орындық конференция залы мен асхана бар. Тіпті жуыну қабатына түсу үшін эскалатор мен лифт те қарастырылған.
Сейітжан қари Есжанұлы атындағы Үлкен мешіт — үлкенге деген шексіз құрметтің белгісі. Бұл Шымкенттегі көркем ғимараттардың бірі ғана емес, әр мұсылманды құшақ жая қарсы алуға даяр қасиетті мекен болмақ. Ал бір мезетте 12 000 адамға мінәжәт етуге мүмкіндік беретін мешіттің бас имамы болып, белгілі исламтанушы, хафиз-ұстаз Ерсін Әміре бекітілді.