46 градусқа дейін аптап ыстық күтілуде

30
фото Отырар.кз

Түркістанның оңтүстік аймағында алдағы күндері аптап ыстық күтіледі. Синоптиктердің мәліметінше 27 мен 30 маусым аралығында өңірдің шөлді аймағында ауа температурасы 45-46 градусқа дейін көтеріледі. Мамандар сақтық шараларын барынша ұстануға шақырады.

Түркістан облысының оңтүстік бөлігінде 27 мен 30 маусым аралығында аптап ыстық күтілуде. Қазгидрометтің мәліметінше, Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Отырар аудандарында ауа температурасы күндіз 45-46 градусқа дейін көтеріледі. Бұл антициклонның ығысуынан болады дейді мамандар. Сондықтан синоптиктер тұрғындарды сақ болуға шақырады.

«Антициклонның ығысып шығуына байланысты біздегі ауа температурасы біршама өзгеріп жатыр. 35-40 градус облыс аумағында. Ал шөлді аудандарда 45-46 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Түркістанның өзінде 41-43 градусқа дейін жоғарылайды», — дейді 1 категориялы инженер-синоптик Динара Айтмырзаева.

Мамандардың сөзінше ең ыстық температура сағат 15:00 мен 18:00 аралығында тіркеледі. Дегенмен 28 маусымда ауа райы біршама төмендейтін көрінеді. Ал дәрігерлер мұндай кезде созылмалы ауруы бар адамдарға далаға көп шықпауға кеңес береді.

«Адамда көптеген жайсыздық болуы мүмкін. Артериялық гипертония, инсульт, инфаркт алуы мүмкін. Іш өту, дене температурасының көтерілуі, бастың айналуы, құсу орын алып жатады. Сонымен қатар созылмалы ауруы бар жандар қауіпсіздік шарасын сақтап, үйде отыруға шақырамыз. Ал далаға шыққанда бас киім мен қолшатыр болған дұрыс», — дейді терапевт Әйгерім Досыбекова.

Төтеншеліктер күнгей өңірде аптап ыстық кезінде орман өрті орын алу қаупі басым екенін айтады.

«Осыған байланысты өрт қауіпті санатының 5-ші санаты енгізілгелі тұр. Қазір өртке қарсы дайындық жұмысы пысықталды. Техника мен жеке құрам дайындыққа келтірілді», — дейді ТО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Дулат Арын.

Қазір орманды аймақтарда рейд жүргізу қолға алынған. Ал Шымкентте ауа температурасы алдағы күндері 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Жауын-шашын жоқ.