«Арбат» демалыс аймағында дәрігерлер тегін тексеру жүргізді

1

Дәрігерлер «Арбатта» тегін тексеру жүргізді. Шымкенттіктер гинеколог, уролог, психолог мамандарынан кеңес алып, АИТВ инфекциясына жедел тестілеуден өтті. Профилактикалық шарада түрлі спорттық жарыстар да ұйымдастырылды.

«Арбат» демалыс аймағында дәрігерлер тегін тексеру жүргізді. Шымкенттіктер гинеколог, уролог, психолог мамандарынан кеңес алып қана қоймай, АИТВ инфекциясына да жедел тестілеуден өтті. Ал, 15 жастағы Мадина Құлжаева психолог маманның кеңесіне жүгінді.

Мадина Құлжаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен бұл жерге кездейсоқ келіп қалдым. Психологқа өзімді мазалап жүрген ойларды айттым. Оның шешімін мамандар тауып берді. Енді әрі қарай да психологпен жұмыс жасаймын»

Профилактикалық шара «Жастар денсаулық орталығының» қолдауымен өтіп отыр. Мұндағы мақсат халықтың репродуктивті денсаулығының маңыздылығы туралы ақпарат беру. Салауатты өмір салтын насихаттайтын бағдарлама барысында спорттық ойындардан сайыстар өтті.

Айгерім Досыбекова, Жастар денсаулық орталығының меңгерушісі: «Біз 10 жастан 18 жасқа дейін, 18 жастан 29 жасқа дейінгі жастар мен жасөспірімдерге медициналық, психологиялық, психо-әлеуметтік, профилактикалық көмек көрсетеміз. Жастар денсаулық орталығының негізгі мақсаты – жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау және нығайту»

Айта кетейік, Жастар денсаулық орталығы мегаполистегі 5 емханада орналасқан. Маусымның 24-і мен 30-ы аралығында мұнда репродуктивті денсаулық апталығы өтеді.