Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесті. Қала әкімінің есебін тыңдап, 2024 жылдың 4 айын қорытындылады. Және алдағы жоспарды талқылады. Қала дамуына кері әсерін тигізетін мәселелер де ашық айтылды.
5 айдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласында 6 млрд. теңге игерілмеген. Салдарынан 5 айда жергілікті бюджетке түсетін салық 710 миллион теңгеге, ал жеке табыс салығы 105 миллион теңгеге орындалмаған. Бұл туралы Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласы тұрғындарымен кезекті кездесуінде айтты. Ол бұл мәселені тездетіп шешу жолын ұсынды.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бұл мәселені шешу үшін аудан, қала әкімдерімен басқа да жауапты өкілдерімен кездесу керек. Жабық отырыс өткізуіміз керек. Біз мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда әсіресе өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытуда тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, туристік әлеуетті жүзеге асырып, жұмыс істейміз».
Түркістан қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталған өңір басшысы қала аумағында 2023 жылы өсім байқалатынын жеткізді. Оның сөзінше, өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 38 пайызға өсіп, 2023 жылы 370 млрд теңгеден асқан. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 78 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға өскен.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 82 пайызға өсіп, 22 мыңнан асты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 26 млрд. теңгені құрап, жоспар 1,8 млрд. теңгеге артығымен орындалды. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 356 млрд. теңгені құрап, жоспар 7 млрд. теңгеге артық жүзеге асты. Құрылыс саласында да өсім бар. Біз өндіріс орындарын көбейту, инвестиция тарту жұмыстарын күшейте береміз. Олай жасамаса болмайды. Біз әкімдік тарапынан инфрақұрылым, әлеуметтік нысандарды салып береміз».
Жиында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға да тоқталды.
Кездесуде соңында облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдады. Олардың ұсыныс-тілегі бойынша жауаптыларға тапсырма жүктеді. Айта кетейік Түркістан қаласының аумағы соңғы 3 жылда 19 мың 600-ден 22 мың 400-ге ұлғайып, халық саны 230 мыңға жеткен.