Түркістан облысында білім бөлімінің 41 қызметкеріне қатысты тергеу жалғасуда

0

Түркістан облысы Жетісай ауданында білім бөлімінің 41 қызметкері мемлекетке 4 млрд теңгеден астам залал келтірді деген күдікке ілінген. Мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. 

Облыстық прокуратура тергеу барысында аудандық білім бөлімінің басшылығы мен есепшілері өздерінің, сондай-ақ туыстары мен таныстарының есеп шоттарына белгіленген жалақыдан жоғары ақша аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жасағаны анықталған. 2021-2023 жылдар аралығында мемлекетке 4 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

«Облыс прокуратурасының арнайы прокурорлары 41 қызметкерді, оның ішінде 2 білім бөлімінің басшысын, 1 бас есепші, 2 орынбасарын және 36 есепшіні күдікті ретінде таныды. Ауданның бұрынғы және қазіргі білім бөлімінің басшылары ұстау изоляторына жабылып, соттың санкциясымен қамауға алынды»,-делінген облыстық прокуратура мәліметінде.

Қазіргі уақытта қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастырудың барлық мән-жайлары мен фактісін анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.

(Фото: ult.kz)