Түркістанда мемлекеттік рәміздер алаңының саны артып келеді

33
фото ТО ӘБҚ

Түркістан облысында рәміздер алаңының саны артып келеді. Бүгінде өңірдегі ту тұғырының саны 26-ға жеткен. Бұл туралы облыс басшысы Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Сонымен қатар, түркістандықтар бүгін рәміздер күнін атап өтті. Салтанатты шарада Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті.

Бүгін еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік рәміздер күні тойланды. Мерекеге орай киелі Түркістанда да сән-салтанатпен ту көтеру рәсімі өтті. Шарада облыс әкімі Дархан Сатыбалды сөз сөйлеп, ұлттық символдардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол өңірде рәміздер алаңының саны артып келе жатқанын да айтты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мемлекеттік ту, әнұран және елтаңба тәуелсіздігіміздің дәлелі, мемлекетіміздің айбары. Ұлтымыздың рухын оятатын рәміздерді күллі әлем мойындайды және құрметтейді. Жыл сайын өңірде рәміздер алаңының саны артып келеді. Бұған ауыл азаматтары, мектеп түлектері айырықша үлес қосуда. Білім ұясын 20-30 жыл бұрын бітірген түлектер ауылдарына рәміздер алаңын қарқынды түрде салып беріп жатыр. Игі бастама Отырар, Созақ аудандарында қолға алынып, биыл Сауран және Мақтарал аудандарында жалғасын тапты. Қазіргі таңда өңірдегі ту тұғырының саны 26-ға жетіп отыр»

Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған шарада жасөспірімдер әнұранды хормен шырқады. Түркістан төрінде өткен салтанатты шараға мәслихат депутаттары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Олар өазақстандықтарды бүгінгі мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.

Фариза Табылдиева, Түркістан қаласының тұрғыны: «Құрметті Қазақстандықтар, қадірлі Түркістан облысының тұрғындары, сіздерді 4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік рәміздер — тәуелсіздігіміздің айқын белгісі. Сондықтан баршамыз ұлттық нышандарды қастерлеуге, қадірлеуге міндеттіміз. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Көк байрағымыз көкте желбірей берсін!»

Айта кетсек, 1992 жылы Тәуелсіз Қазақ елінің рәміздері ресми түрде белгіленді. Ал 2007 жылдың 4 маусымынан бастап қазақстандықтар бұл күнді Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекелей бастады. Сол күннен бері елімізде жыл сайын бұл айтулы дата дәстүрлі түрде тойланып келеді.