Жаңа туған нәрестеге төлқұжатты қалай алуға болады?

34
фото МХҚКО

 

Маусым, шілде айлары — демалыс үшін ең қолайлы айлар және көптеген отбасылар балаларымен бірге саяхаттауды жөн көреді. Дегенмен сапарға шығар алдында ескеретін бірнеше маңызды ақпарат бар. «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қалалық филиалының өкілдері саяхаттау үшін балаларға төлқұжатты ХҚКО арқылы қалай рәсімдеп, жылдам алуға болатыны жайлы айтып берді.

Бала дүниеге келген сәттен бастап оған шетелдік төлқұжат алуға өтініш беруге болады. Мұндай мүмкіндік Қазақстан Республикасының заңнамасында көрсетілген. Сонымен қатар, шетелге шығатын әрбір азаматтың жасына қарамастан жеке төлқұжатының болуы талап етіледі.

Баланың төлқұжатын рәсімдеу үшін ата-аналар қаладағы кез келген ХҚКО-ға жүгіне алады. Осы тұста, өзіңізбен бірге балаңыздың туу туралы куәлігін, ата-анасының бірінің жеке куәлігін және төлқұжат үшін 4 АЕК (14 768 теңге) мемлекеттік бажды төлегені туралы түбіртек қажет. Сондай-ақ, құжатты рәсімдеу барысында ата-аналардың біреуінің болуы міндетті болып саналады. Ал қызмет көрсету мерзімі — 15 жұмыс күнін құрайды.

«Әрине, балалар тез өседі, шекара қызметкерлері кейде баланы фотодан танымай қалып жатады. Мұндай жағдайда паспорттың жарамдылық мерзімі аяқталмаса да, құжат ауыстырылуы керек. Осыған орай 12 жасқа дейінгі балаларға 5 жыл мерзімге, 12 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға 10 жыл мерзімге төлқұжат беріледі. Сондай-ақ, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, мүгедектігі бар азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сонымен қатар, жекелеген жеңілдік санаттарына жататын азаматтар төлқұжатты тегін ала алады. Толық ақпаратты 1414 телефонына хабарласу арқылы алуға болады», -деді «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қалалық филиалының PR менеджері Алтынай Татаева.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласының тұрғындары құжатты рәсімдеуді жеделдету үшін мемлекеттік баж салығын төлеп, төлқұжатты 1 күнде ала алады. Ал паспорт он жылға жарамды болады.