Мәжіліс депутаты шымкенттік жастармен кездесті

64
Фото: Отырар.кз

Елімізде ойын құмарлыққа салынғандар туралы ресми ақпаратта олардың саны 9 адам деп көрсетілген. Алайда былтыр лудомандар 300-ге жуық қылмысқа барған. Сондықтан заңсыз ойынханалармен күрес жұмысына қарқын беру қажет. Ал осы мәселені көтеріп жүрген халық қалаулысы Шымкенттік жастармен кездесіп, өз кеңесін айтты.

Өткен жылы елімізде ойын құмарлыққа салынғандар 300 түрлі қылмысқа барған. Оның басым бөлігі ұрлық. Сондықтан мәжіліс депутаты Руслан Берденов бұл мәселені бірнеше рет көтеріп еді. Соның негізінде жақында заңға бірнеше өзгеріс енді. Ал халық қалаулысы жастармен кездесіп, осы тақырыптағы сұрақтарға жауап берді.

Халық қалаулысы барлық мәселенің шешімі адам санасы мен төзімінде дейді. Ол ойынға ақша салмас бұрын бәрін ой талқысына салуға кеңес берді.

«Бұл жердегі мәселе — санамызда. Біз сана-сезімізді өзгертпейінше, өзімізді дамытпайынша бұл мәселе шешілмейді. Бастысы қаржылық сауаттылық», — дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов.

Ал психологтар құмар ойынмен күресудің бір жолы жастарға несие беруді тоқтату дейді. Сөзінше 18 бен 24 жас аралығындағы азаматтар ақша табу жолын көп іздейді. Сондай сәтте жеңіл табыс көзі ретінде ойын аппаратына бәс тіге бастайды. Бар қаржысын ұттырғандар, тіпті несие алып, қарыз үстіне қарыз жамайды екен. Одан шығар жолды таппағандар тіпті өз — өзіне қол жұмсауға дейін барып жатыр дейді маман.

«Қазір жастар оңай жұмыс істегісі келеді. Тез байығымы еледі. Ал біздің кеңістікте қазір жарнама көп. Онда оңай табыс табасың дегенге сеніп, ұрынып қалып жатыр көбісі. Жан-жақтан қарыз алады. Одан құтыла алмайтынын білгеннен кейін өзіне қол жұмсап жатады. Мұндай факті көбейіп кетті. Сондықтан жастарға несие беру жасын көтеру керек. 24 жастан кейін беретін етсе, жақсы болар еді», — дейді психолог Айгүл Шынтөриева.

Елімізде өзін лудоман ретінде мойындаған 9 ғана адам бар. Алайда депутат Руслан Берденов 1 млнға жуық адам түрлі ойынханаларға белсенді түрде баратын айтады. Жаңа заң негізінде бірқатар жарнаманы қоғамдық орындардан алып тастағанмен, лотереяларға қатысты өзгеріс енбеді дейді.

«Құмар ойынға қатысты өзгеріс енгенмен, лотерея қалып қойды. Оған қатысты заң басқа. Сондықтан бұдан кейін де, бұл мәселені көтереміз. Себебі лотерея да, құмар ойын сынды. Оның жарнамалары барлық жерде бар. Сары терминалдары барлық дүкендерде ашық тұр. Енді солармен жұмыс істеуіміз керек», — дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов. 

Айта кетейік, қаламызда жыл басынан бері заңсыз ойын құралдарын ұйымдастыру бойынша 6 факті анықталып, олардың жолы кесілген.