100-ге жуық көлік қызметкері марапатталды

11
Фото: Отырар.кз

Мереке қарсаңында 100-ге жуық көлік қызметкерлері марапатқа ие болды. Оларға министрлік пен қала әкімінің алғыс хаты, төсбелгісі табысталды. Ал салтанатты кеш соңы концертке ұласты.

Юсупжан Расуловтың қоғамдық көлік тізгіндегеніне 40 жылға жуықтады. Ол бар ғұмырын транспорт саласына арнап, қала халқының дін-аман діттеген жеріне жетуін қамтамасыз етіп жүрген жан. Мереке қарсаңында автобус жүргізушісінің қаншама жылдық еңбегі ескеріліп, оған «Үздік автокөлікші» төсбелгісі табысталды.

«Басында Ikarus-тан бастадық. Кейін Лаз-695 айдадық. Енді MAN айдап жүрміз. Құдайға шүкір жаңа автобюустар келіп жатыр. Осы автобуста халықты тасып, қызмет етіп жүрміз. Біз жүргізушілерге тұрғындар ешқашан разы болмайды. Уақытылы жеткізсең де разы болмайды, тез жүр дейді, жәй жүріп жатырсың деп арызданады. Күннің ыстығы ма, қары ма, жаңбыры ма қарамаймыз. Ыстық уақытында тұрғындарды уақытылы жұмысына жеткізуге тырысамыз. Кешке «Аллаға шүкір, бәрі тыныш» деп қайтамыз. Көлік айдаған жігіттерге айдарым, бәрің сақ болыңдар, абай болыңдар», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Юсупжан Расулов.

Тамыз айының бірінші жексенбісі көлік қызметкерлері күні. Мерекеге орай шымкенттік 100-ге тарта өңірлік транспорт саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген жандар марапатталды.

Үшінші мегаполисте 1000-ға жуық автобус бар. Ал оларды 2 мыңнан аса адам жүргізеді. Сала басшысы жыл сайын қаладағы көліктерді жаңартып, тың дүниелер әкеліп жатқандарын жеткізді.

«Тұрақты түрде автобустарды жаңарту жұмыстарын жасап жатырмыз. Келісімшарттарға сәйкес, мұнымен тоқтап қалмаймыз, Себебі қала өсіп жатыр. Жаңа ықшамаудандар қосылып жатыр. Сонымен қатар, көктемде жаңа теміржол вокзалын реканструкциядан өткізіп, халықтың игілігіне бердік», — дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов.

Көлік құралдары қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өткен Шымкент қаласының әкім орынбасары мереке иелерін құттықтады.

«Алысты жақындатып, аманатқа сызат түсірмей еңбек етіп келе жатқан көлік саласы қызметкерлерін мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл сала темірдей тәртіпті, жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі сала. Мерейлі мерекелеріңізді құттықтай отырып, сіздерге амандық, отбасыларыңызға бақыт, кәсіптеріңізге жанданып, гүлдену тілеймін», — дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов.

Айта кетейік, қаламызға жаңадан газбен жүретін автобус әкелу жоспарда бар. Ал еліміздегі ең арзан қоғамдық көлік ақысы да өзгеріссіз қалады. Керемет жаңалықтарымен бөліскен басқарма, жыл бойы сала дамуына бар күшін салған қызметкерлерге арнап мерекелік кеш сыйлады.