Сарыағаш ауданының тұрғындары жиырма жылдан бері үйлерін заңдастыра алмай жүр. Себебі 250-ге жуық баспана салынған жерлер Береке ауылының құрамына енбей қалған. Картада бұл аумақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болып тіркеуде тұр.
Сарыағаш ауданының тұрғындары 20 жылдан бері үйлерін заңдастыра алмай келеді. Солардың бірі — Гүлжан Ерімбетова. Көпбалалы ана Береке ауылына 10 жылдан астам уақыт бұрын көшіп келген. Сол кезден бері өз үйіне тіркеле алмай келеді. Себебі, үйі салынған жер ауыл аумағына кірмеген. Енді 5 баланың анасы туыстарының үйіне тіркеліп, қиналып жүр.
Гүлжан Ерімбетова, Береке ауылының тұрғыны: «Тіркеуіміз жоқ. Қайда барсаң да балаларды тіркей алмаймыз. Туыстардың үйіне тіркелгенбіз. Мектепке де қиналамыз. Медпунктке апаратын болсақ ол жерде де қиыншылық»
Анарбай Еркеқұлов, Береке ауылының тұрғыны: «Бұл Береке ауылында 600-дей үй бар, бірақ соның 250-дейі тіркелген. Қалғандары тіркелмеген. Мектебімізде бала саны көбейіп кетіп жатыр. Ал тексеріп қарағанда халықтың саны аз көрінеді. Тіркеуде жоқ. Тіркелмеген. Өйткені елдімекенде жоқ ауылымыз»
Жерді заңдастыру жұмыстарының жүріп жатқанына 10 жылға жуықтаған. Күтуден шаршаған халық жауаптылардан мәселені биылдан қалдырмай шешіп беруді талап етіп отыр. Ал, әкімдіктегілер көрші елден қоныстанған азаматтардың жерді заңсыз алғанын алға тартады. Сондықтан жердің мақсатын өзгерту жұмыстары созылып кеткен көрінеді.
Арман Абдуллаев, Сарыағаш ауданының әкімі: «Қазір біз елдімекеннің шегін кеңейту бойынша мәслихат пен әкімдіктің бірлескен шешімін қабылдадық. Ол құжаттардың барлығы Жер кадастр департаментінде жатыр. Астанаға жіберілді. Сол жақтан картасының барлығы бекітіліп келетін болса, одан кейін құжаттандыру мәселесімен айналысамыз»
Дегенмен, Берекедегі барлық үй бірдей заңдастырылмайды дейді жауаптылар. Тек 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін үй салып, тұрып жатқандардың ғана баспанасы тіркеледі. Ал одан кейін салған азаматтар құжатсыз қалуы мүмкін. Енді ауыл тұрғындары әкімдік оң шешім қабылдайды деп үміттеніп отыр.