Шымкентте 52 отбасыға тұрғын үй сертификаты берілді. Азаматтар 1 млн. теңгеге дейінгі мөлшерде қайтарымсыз көмек алды. Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау қашанға дейін жүргізіледі?
Шымкентте 52 азамат мемлекеттен қайтарымсыз негізде қаржылай көмек алып, баспаналы болды. Солардың бірі 33 жастағы Гүлдана Қожаева. Ипотекалық бағытта үй аламын деген азаматшаға 600 мың теңгеден астам мөлшерде әлеуметтік көмек берілді.
Гүлдана Қожаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Отбасы банкінен «2-10-20» деген бағдарлама бойынша баспана алып жатырмын. Маған отбасы банкінен мақұлдау келгеннен кейін, тұрғын үй сертификатына өтінім тастадым. Көп ұзамай, 4 күннің ішінде жауап келді. Сол бойынша мемлекет маған алғашқы жарнаның 10%-ын төлеп берді. Маған ол 10%-ды төлеу кішкене қиындау болды. Ал, оны төлемесем мен баспана ала алмай қалатын едім. Мемлекеттің қайтарымсыз осындай сыйақысының арқасында мен осы үйге қол жеткізіп отырмын»
Әлеуметтік көмек «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары бойынша ипотекалық бағытта үй аламын деушілерге беріліп жатыр. Алғашқы жарнаны төлеу үшін мемлекет сізге 1 млн. теңгеге дейінгі мөлшерде қаржылай көмек береді. Ол үшін «кezekte.kz.» интернет ресурсы арқылы тұрғын үй сертификатына өтінім жіберсеңіз болғаны.
Көпжан Төлебаев, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары:
«Әлеуметтік көмек алуға 100 өтінім түскен. 100 өтінімнің ішіндегі тұрғын үй сертификатына мақұлдау алғандар саны — 52. Жалпы 1 млн. теңгеге дейін қаржылай көмек берілді. Одан бөлек түрлі себеппен 43 азаматтың өтінімдері қанағаттандырылмады»
Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау жыл соңына дейін жалғасады. Айта кетсек, 218 азамат жыл басынан бері қаржылай көмекті алып үлгерді.