Соңғы кездері Шымкентке ем іздеп келетін шетелдіктер саны артқан

41
фото kz.otyrar.kz

Шымкентте шетелдік науқасқа күрделі оталардың бірі жасалып, бас миынан 8 см ісік алынды. Тәжікістаннан арнайы ем іздеп келген Нигара Раджапованы бас ауруы көптен бері мазалап жүрген. Анасының айтуынша, соңғы жылдары дерт тіптен асқынып, шыдатпайтын халге жеткен. Емделуді өз елінде бастаған 39 жастағы науқасқа, Қазақстанға барып ота жасатуға тәжікістандық дәрігерлер кеңес беріпті.

Клара Самадоуа, анасы: «Бізге дәрігерлер Қазақстанға барындар деді. Міне келдік. Мұнда бізге жақсы қарап жатыр. Дәрігерлер операцияның жақсы өткенін айтады. Қызым жазылып кетер деген үмітпен, қуанып отырмыз».

Мидан алынған ісіктің көлемі үлкен болғандықтан, ота кезіндегі қауіп те басым болған. Ақ халаттылардың айтуынша, мұндай ауру сирек кездеседі.

Марат Құлмырзаев, Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі: «Қазіргі таңда науқастын жағдайы бір қалыпты. Есін біледі, сөйлейді. Бірге келген ата-аналары да жақсы жағынан өзгеріс болғанын байқап отыр. Енді Алла жазса жұма күнгі отадан кейін науқасты өз отаны Тәжікстанға жіберу алдағы мақсатымыз. Ары қарай ол науқасқа Тәжікістанда, я болмаса осы Шымкент қаласында өздерінің қалауларына байланысты ары қарай реалибитациялық көмек қажет болады».

Соңғы кездері елімізге ем іздеп келетін шетелдіктер саны артқан. Науқастар арасында нейро және кардиохирургия, перинаталды медицина, нейрология, ортопедия, стоматология саласына сұраныс жоғары.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық №2 ауруханасының бас дәрігері: «Қазіргі таңда Шымкент қалалық №2 ауруханасында біз медициналық туризімді өте белсенді түрде дамытып келе жатырмыз. Соның жарқын көрінісі ретінде нейрохирургиялық операциялар, нейрохирургиялық диагностикалар. Мысалы ретінде біздің ауруханада жыл басынан бері Молдова, Швейцариядан, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан көптеген науқастар келіп диагностикадан өтіп, біздің дәрігерлер операцияларын жасап отыр».

Айта кетейік, елімізде соның ішінде Шымкент қаласында шетелден ем іздеп келіп, дертінен айығып кеткен азаматтардың қатары көбейген. Дәрігерлер мұны медицина сапасының жақсаруымен және қызмет көрсету жағындағы бәсекелестіктің мықты болуымен байланыстырады.