Түркістан облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары бастау алды. Өңірде табиғи газға қосу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде көмірге деген сұраныс біршама төмендеген.
Түркістан облысында табиғи газға қосу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде тұрғындардың көмірге деген сұранысы 82 000 тоннаға төмендеген. Ал облыстағы бюджеттік мекемелердің көмір қажеттілігі 36 000 тоннаға азайып отыр. Дегенмен, өңірге әлі де жалпы саны 778 мың тоннадан астам көмір қажет.
Руслан Мұздыбеков, Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Жылу энергетикалық кешендеріне қажетті отын көлемі анықталған. Алдағы жылыту маусымына 114,2 мың тонна көмір, 1 млн. литр дизель, 7,8 мың тонна мазут, 17 093 мың м3 газ қажет. Жалпы жылыту маусымында тұтынылатын мазут көлемі 7,8 мың тонна»
Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында пысықталды. Өңір басшысы көмірдің сапасына қатысты сын-ескертпелер айтты. Жауаптыларға былтыр жіберілген қателіктердің биыл қайталанбауын қатаң ескертті.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктері шұғыл түрде көмір жеткізу, табиғи газға ауыстыру жұмыстарын жеделдетуі керек. Бюджеттік және әлеуметтік мекемелер, білім ұялары, мәдениет, спорт нысандары жылыту маусымына толық дайын болуы тиіс. Көмір тасымалдаушы мердігерлердің жұмысын қадағалап, көмірді мерзімінде жеткізіңіздер. Сапасына мән берілсін. Осы салаға жауапты басшылар тұрақты түрде штаб отырысын өткізіп, мәселені бақылауда ұстаулары қажет»
Айта кетсек, алдағы жылыту маусымына 17 млрд. теңгеден астам қаржы қаралып отыр.