«Жұлдыз» индустриялық аймағында «Coca-Cola» өндіретін жаңа зауыт ашылды. Кәсіпорын Coca-Cola İçecek A.Ş компаниясына тиесілі. Мұнда бүкіл әлемге танымал сусын, сонымен қатар салқын шәй мен газсыз су шығарылады. Өндіріс орны қазір 150 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Шымкентте алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт ашылды. 16 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорын екі өндірістік желімен жабдықталған. Ашылу салтанатына мегаполис басшысы, Түркия мен Америка Құрама Штаттарының бас консулы және компанияның серіктестері қатысты. Барша қонақтар алдында бірегей өндіріс орны іске қосылды.
Заманауи өндіріс ошағын ашуға кәсіпкер 27 миллиард теңге инвестиция салған. Қазір кәсіпорында 150 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Зауытта салқын шәй, су, газдалған сусындар және кока-кола шығаратын екі өндірістік желі жасақталған. Мұнда қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін озық технологиялар қолданылады.
«2 желіде 283 миллион литр су шығарады. Осында 150-дей адам жұмысқа орналастырдық. Нысанның инвестиция құны 30 млрд теңге. Бәрі жақсы болса, келесі жылы тағы жаңа желі қосамыз», — дейді Орталық Азия және Кавказ елдері бойынша корпоративтік коммуникациялар директоры Алима Исембаева.
Сонымен қатар, жобада қала тұрғындарына пайдасы тиетін инновациялық бастамалар мен даму бағдарламалары енгізіледі. Зауыттың ашылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы ұзақ мерзімді және тығыз ынтымақтастықты дамытуға тың серпін бермек.
«Осындай тамаша зауыттың ашылуына келгеніме өте қуаныштымын. Оның ашылуы түрік инвесторларының бұл аймаққа инвестиция салуға деген қызығушылығын растайды. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықты орнату жолындағы маңызды кезең. Зауыттың іске қосылуы Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық пен достық қарым-қатынасты жақсартудағы маңызды оқиға саналады», — дейді Түркістандағы Түркияның бас консулы Илькер Пак.
Бұл Түркияның жетекші конгломераты Anadolu Group еншілес ұйымы Coca-Cola İçecek A.Ş-тың Қазақстандағы үшінші зауыты. Компания 12 елде өз филиалын ашқан. онда 33 бөтелке құю және 3 жеміс өңдеу зауыты бар. Ал елімізде 13 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.