Президент тапсырмасына сәйкес Шымкентте «Бірыңғай есеп беру күні» өтті. Жиында Мемлекеттік кірістер департаменті атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Кездесуде қалалық прокуратура басқармасының басшысы салық қызметкерлерінің жұмысын сынға алды. Мегаполис кәсіпкерлерінің құқығы тиісті деңгейде қорғалып жатыр ма?
Шымкентте салық қызметкерлері қателесіп, 3 кәсіпкердің есепшотын заңсыз бұғаттаған. Қалалық прокуратура басқармасының басшысы сала мамандарының жұмысын сынға алды. Айтуынша, мегаполис кәсіпкерлерінің құқығы тиісті деңгейде қорғалмай жатыр.
Бақытжан Байғозиев, Шымкент қалалық прокуратура басқармасының басшысы:
«Қателесіп, заңсыз тыйым салу өз шешімін таппауда. Мысалы, былтыр біз талдаумен 2-3 кәсіпкердің шоты қателесіп тыйым салынғанын анықтадық. Алайда бұл мәселе әлі де шешілмеуде. Себебі неде?»
Бұл сұраққа Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары жауап берді. Ол бұл мәселе шотты бұғаттау құқығының әрбір қызметкерде болуынан орын алды деп түсіндірді.
Сапарбек Ешанқұлов, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: «Бұрын ондай құқық біздің әрбір қызметкерде болған. Яғни өзі жаба алады, өзі аша алады. Оның барлығы қазір органдардың басқарма басшысының деңгейіне дейін көтерілді. Енді ондай жағдай қайталанбайды деп ойлаймын. Енді басқарма басшысы тікелей жауапты болады. Ал департаментте болса, департаменттің құзырлы басқармалары немесе басшы орынбасары — мен жауапты боламын. Мен арқылы жабылады, мен арқылы ашылады»
Саладағы тағы бір маңызды мәселелердің бірі — аз ғана берешек үшін шоттардың жабылуы. Бұл мәселе бойынша сараланған шек қойылды деді жауаптылар.
Сапарбек Ешанқұлов, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: «Енді кәсіпорын қызметіне тосқауыл қоймас үшін сараланған шек қойылады. 20 АЕК–ке дейін, 73 840 теңге хабарлама жіберіледі, ешқандай бұғаттау болмайды. Ал, 20-45 АЕК – хабарлама жіберіледі, ал өтелмеген жағдайда — мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары (банктік шоттарды бұғаттау, инкассалық өкімдер); 166 140 теңге қолданылатын болады»
Айта кетсек, қалада 2024 жылы тіркелген салық төлеушілердің саны 130 мыңға жеткен. Ал бюджет түсімдері соңғы үш жылда 2,5 есеге ұлғайған.