Шымкентте алақандай жолды әлі жөндеп біте алмай жатыр

1341
Бозарық айналма жолы, Бәйдібек би даңғылы, Шымкент қ. /фотоны түсірген Жәнібек Нұрыш, 10.09.2024/

Шымкенттің негізгі жол тораптарының бірі — Бозарық айналма жолының бір жағы жаздың басында жабылды.

Бұл айналма жол Ташкент-Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолының бойында орналасқан. Қаланың ішінен Бәйдібек би даңғылы барып тіреліп, ары қарай Бозарық шағынауданына жалғап, Батыс Қытай-Батыс Еуропа көлік дәлізімен қиылысып, Бәйдібек ауданына бағыт алады. Демек, көлік нөпірі тым қалың, жүк көліктері де, жеңіл көлік те, автобустар да ерсілі-қарсылы ағылып жатады.

Бәйдібек би даңғылы, Бозарық айналма жолы. /фотоны түсірген Жәнібек Нұрыш, 10.09.2024/

Сөйте тұра осынау Бозарық айналма жолының бір жартысы жөндеу жұмысына жабылып, әлі толық ашылып болмады. Қаланы айналып жүретін жүк көліктері де амал жоқ Бәйдібек би даңғылына түсіп, Shymkent City шағынауданы арқылы қатынап, бұл маңайдағы көлік қозғалысы ала жаздай қиындады.

Айналма жолды жөндеу жұмысы қара күзге дейін аяқталмады. Енді міне жаңа оқу жылы басталып, қозғалыс тіпті жиілесе де жолды қайта құру жұмыстары да бітер емес.
Айналма жолдың бір жағы жабылып, жан-жақтан келген көліктер айналма жолдың бір жағына ығысып, жолға сыймай қалатыын бірнеше көлік апатына себеп болды.
Мәселен, 21 тамызда Бозарық айналма жолында жүк тиелген үлкен жүк көлігі аударылды. Тар жерде тіркемесі аударылып, көлік қозғалысын тіпті қиындатты.
Ал 7 тамыз түнде осы Бозарық айналма жолында жол-көлік оқиғасы болды. Daewoo Damas пен Toyota Carina маркалы екі автокөлік соқтығысып, Damas көлігінің 30-35 жастағы жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Куәгерлердің айтуынша, айналма жолдың бір жағы жабық болған соң көлік жүргізушілері тар жерде бұрыла алмай, бір жолаққа сыймай қалады. Бұдан көлік тығыны туындайды. Жүргізуші көлік тығынынан өтіп кетпек болғанда қарама-қарсы жолаққа шығып кеткен.
Осылайша жаз мезгілі Бозарық айналма жолындағы жарымжан қозғалыстың әбігерімен өтіп, бұл жағдай күзде де жалғасып отыр.

Бәйдібек би даңғылы, Бозарық айналма жолы. /фотоны түсірген Жәнібек Нұрыш, 10.09.2024/

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көлік қатынасын қиындатып отырған жөндеу жұмыстары қазанның аяғына дейін аяқталатынын хабарлады.

— Ташкент-Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта құру жұмыстары атқарылып жатыр. Аталған жол 31 шақырымында 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.Бүгінде 1,2,3,4 кезеңдерінде құрылыс жұмыстары аяқталды. Қалған кезеңдерінде жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазір асфальттап жатыр. Аталған бөлікте жөндеу барысында жобалық-сметалық құжаттарға енбей қалған инженерлік желілер шығуына байланысты жобадан тыс жерасты инженерлік желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілді, — дейді басқарманың автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрбол Лесов.

Жәнібек Нұрыш.

Бұл мақала Ontustik Rabat газетінің
№37 санында (12.09.2024 ж) жарияланды