Шымкентте қоғамдық көлікпен қатынау – жолаушыны қинау

1417
А.Байтұрсынов көш., Шымкент қ. /фотоны түсірген Жәнібек Нұрыш, 11.09.2024/

Шымкент әкімі мен әкімдіктің шешім қабылдау құзіретіне ие барша лауазымды қызметкерлеріне таңертең қала шетінен жұмысқа автобуспен барып, кешкісін автобуспен қайтуды ұсынамыз. Олар сонда өздерінің нағыз мемлекеттік қызметкер екенін көрсетіп, Шымкент жұртшылығының қоғамдық көлік пайдаланатын бөлігі күн сайын автобусқа мінерде қалай қиналып, қандай азапқа түсетінін сезінер еді. Халықтың жағдайын, қаланың қоғамдық көлік проблемасын жеңіл көлікте отырып сезінуге әсте болмайды. Бұл ертегі.
Жә, бірінші сөйлемге оралайық, біз айтқан ұсыныс неліктен маңызды?
Тізімді ұзартпай, қысқа қайырайық.

Шымкент — Қазақстанның ең үлкен қаласы. 1170 шаршы шақырым. Аумағы жағынан Астана мен Алматыдан да үлкен. Демек, қаланың шет-шетінен қала орталығына, бір бұрышынан екінші бұрышына жету де оңай емес. Ал Шымкенттің қоғамдық көлігімен жету тіпті қиын.

Қоғамдық көлік — қаланың тамыры. Бүкіл қарым-қатынас, барыс-келіс, күнделікті қайнаған тіршілік, бәрі-бәрі осы қозғалысқа байлаулы. Сөйте тұра, Шымкентте қоғамдық көлікпен қатынау — әбден діңкелетін шаруа. OTYRAR телеарнасының Инстаграмдағы @otyrarkz парақшасындағы посттарға жазылған комментарийлер де мұны растайды. (Бірінші және екінші посттарға сілтеме).

Таңертең автобусқа сыймай, жолдан қалып қоятындар, сыйса да, аузы-мұрнына шыға толған автобус ішінде қысылып қиналатындар, бір автобусты сағатқа жуық күтетіндер, ауыр сөмкесін арқалағаны аздай, лықа толы автобусқа сыймай аялдамада ұзақ уақыт тұратын оқушылар, әйтеуір әупірімдеп ілініп мінсе де іштегі ересектердің табанының астында тапталып қалуға сәл қалатын балалар. Міне, мұның бәрі Шымкент қоғамдық көлік саласының жолаушылары күн сайын күтіп тұратын қиындықтар. Айтпақшы, Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов Шымкентте күн сайын 70 мың оқушы қоғамдық көлікпен қатынайтынын айтқан.

Автобуспен қатынаудың азабын Шымкент әкімдігінің лауазымды қызметкерлері де жан-тәнімен сезініп көрсе, сыртынан қарап «автобус» деп ойлағаны аялдамаларда «килькабусқа» айналатынын біліп қалар. Тағы бір мәселе — 2020 жылғы күзде Шымкенттің қоғамдық көліктерінде электронды төлем жүйесі енгізілді. Кейін кондукторларды алып тастады. Жолақыны Tolem картасымен, QR-кодпен, SMS-пен төлейтін болды. Содан бері 4 жыл өтсе де, әлі күнге жүргізушілер автобусқа мінген жолаушыдан қолма-қол төлем жасауды не жеке есепшотына ақшалай аударым жасауды ұсынып, өтініп жатады. Тіпті, қолма қол төлем жасауды талап етіп, автобус есігін ашпай қойған жағдайлар да ұшырасты.

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері бұл жағдайдан хабардар екенін, сондықтан да қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін жетілдіру үшін жаңа Avtobus ECOP жүйесі іске қосылғанын, бұл жүйе арқылы төлемнің барлық түрлері: QR, Bluetooth, банк картасы, СМС, карта арқылы қабылданатынын мәлімдеді. Тіпті қалада қолма-қол ақшамен төлеу жүйесін мүлдем алып тастау бойынша қаулы жобасы әзірленіп, талқыланып жатыр екен.

— Жүргізушілер қолма-қол ақша қабылдап түбіртек таратпаған жағдайда 623-бапқа сәйкес жүргізушіге айыппұл салынады. Қазір автобус жүргізушілерінде жоспар (план тапсыру) жоқ. Қолма-қол берілген ақшаға жүргізушілер түбіртек береді. Жолаушылар қолма-қол қаражатпен төлеген жағдайда түбіртекті талап етуді сұраймыз. Жүргізушілердің айлығы қаламыздың орташа айлығымен салыстырғанда көп, — деді басқарманың Қоғамдық көлік бөлімінің бас маманы Самат Нұржанов.

Қазір Шымкентте 80 тұрақты қалалық маршрутта 940 автобус қатынап жатыр.

— Бүгінгі таңда маршруттар қала аумағында, сонымен қатар шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудандар мен тұрғын алабтарды қоғамдық көлікпен 100% қамтылды. Қалалық тұрақты маршруттар таңғы сағат 6:30 дан кешкі сағат 23:00 ге дейін уақытылы қатынайды. № 12, 17, 27, 35, 74, 84, 103, 113, 126, 158 автобустар сағат 23:00–ге дейін жүреді. Басқарма тарапынан тасымалдаушы мекемеге бекітілген кестемен, аралық интервалын сақтап жүруіне байланысты ескерту хат жолданды. Бұзушылық анықталса, қатаң шара қолданылады, — деді Самат Нұржанов

Қоғамдық көлікке шағым қаланың шалғай елдімекен тұрғындарынан көп түседі.

— Тассай шағынауданына № 44 автобус маршруты 8 кестемен 12 минуттық аралық жиілік арқылы, № 15 автобус маршруты 9 кестемен 18 минуттық аралық жиілік арқылы, № 114 автобус маршруты 14 кестемен 10 минуттық жиілікпен қызмет көрсетуде. Нұртас шағынауданына № 10 автобус маршруты 10 кестемен 16 минуттық жиілікпен, № 54 автобус маршруты 12 кестемен 14 минуттық жиілікпен, № 56 автобус маршруты 12 кестемен 14 минуттық жиілікпен жолаушылар ағынына сәйкес қызмет көрсетеді. Ынтымақ 2 шағынауданына № 19, № 55, № 61, № 138 Қызылжар шағынауданына № 23 автобус маршруты, Құрсай шағынауданына № 21 автобус маршруты, Бозарық шағынауданына № 9, № 171 және № 171 автобус маршруттары, Достық шағынауданына № 2, № 52, № 45, № 150 автобус маршруттары қызмет көрсетеді. Қаламыздың аумағы үлкен болғандықтан ауысып жүру қаралғанын хабарлаймыз, — деді басқарма өкілі.

Жолаушы келеңсіз оқиғаға тап келсе, онда 109 не 24-75-17 телефонына хабарласуына, Инстаграмдағы @transport.shym парақшасына жазуына болады екен.

Әйтсе де сөз басындағы ұсынымыз әлі де күшінде, Шымкент әкімдігі!

Жәнібек Нұрыш.

Бұл мақала Ontustik Rabat газетінің
№38 санында (19.09.2024 ж) жарияланды