Тұрғын үйге мұқтаж жанды тізімнен шығарып тастаған…

28
фото primeminister.kz

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында талап қоюшы А.-ның «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен шығару әрекетін және хаттамалық шешімін заңсыз деп тану туралы талап арызы қаралды.

Сотта анықталғандай, А. халықтың әлеуметтік жағдай төмен азаматтар тобындағы толық емес отбасы санаты бойынша, тұрғынжайға мұқтаж азаматтардың есебіне тұрған. Басқарманың хаттамалық шешімі бойынша А. тұрғын үй кезегіне толық емес отбасы ретінде жанұя құрамы 5 адам болып тіркелген. Қазіргі таңда тіркеуде талап қоюшы және ұлы бар. Отбасының жанұя мүшелеріне шаққандағы кіріс көзі соңғы 12 айдағы күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициентінен асып тұр және талап қоюшының қызы К.-ның иелігінде болған пәтерін сатып алу-сату шартына сай меншіктен шығарылған деген негізбен талап қоюшы кезектен шығарылған.
Ал, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңнына сай, тұрғын үйге мұқтаж адамдардың ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен асқан жағдайда тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебiнен шығару көзделмеген. Сонымен қатар, А.-ның тұрмысқа шыққан қызының атына тіркелген тұрғын жайға қатысы бар деген жауапкердің тұжырымын сот негізсіз деп тапты.
Заң талаптарына сай, белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарып тастауға жатпайды.
Сот талап қоюшы аталған Заң талаптарына сай есептен шығаруға жатпайды деген негізбен, талапты қанағаттандырды. Шешім заңды күшіне енген.